ШҚО-дағы Шемонайха ауданының прокуратурасы ҚАЖД №18 мекемесіндегі сотталғандарды дәрігерлер толық тексермесе де төлем жасалғанын анықтаған.
2023 жылдың желтоқсан айында хирург мекемеге жоспарлы сапары кезінде 15 сотталғанды тексерген. Алайда есептік құжаттарда қабылдауында 160 адам болды деп көрсеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осы деректер негізінде дәрігерге 214 мың теңге мөлшерінде жалақы есептелген. Алайда бекітілген нормативтерге сәйкес, 15 науқасты қабылдағаны үшін төленетін сома 15 252 теңгені құрауы тиіс болған.
Дәл осындай жағдай дерматовенеролог, нарколог, невропатолог және психиатр дәрігерлерінің қабылдауларында да қайталанған. Нәтижесінде дәрігерлерге 1,4 млн теңге артық төленген.
Бас прокуратура қадағалау актісі негізінде заңсыз төленген қаржы бюджетке қайтарылып, ал кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.