Ұлытауда киіктер қырылды: министрлік мәлімдеме жасады

Жаңалықтар

Ұлытау облысында киіктер қырылды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы киік ұшаларының видеосы тарап жатыр.

"Мұндай жағдай басқа аймақтарда да тіркелді. Көбіне Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында табылды. Киіктің биологиясын ескерсек, бұл табиғи жағдайға байланысты", — деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, ұшалар ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылып жатыр.

"Бұл жұмыстарға барлығы 150-ден аса адам, 51 техника жұмылдырылды. Биылғы жылдың басынан бастап 5,2 мыңнан аса өлексе жойылды", — деп жазылған хабарламада.

Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачевтің айтуынша, қалыпты жағдайда киіктердің жыл сайынғы табиғи өлімі жалпы санның шамамен 20%-ы болады, ал аталықтарының 50%-ы өлуі мүмкін.

"Киік — өмір сүру уақыты қысқа, көбеюі жылдам дала жануары. Қатал қыста киік саны 40-50%-ға дейін азаюы мүмкін. Қыс мезгілінде қар қалың түсуіне, азық қоры азаюына байланысты жануарлар денесіндегі май қорын жоғалтады. Қазақстанның шөлді мен жартылай шөлді аумақтарында мұндай табиғи құбылыстар жиі байқалады", — деді маман.

Айта кетейік, Қазақстанда киіктердің жалпы саны — 4,1 миллион.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында мыңдаған киік қырылғаны хабарланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!