Жебені садақпен тартып, нысанаға дөп түсірген түркістандық әже TikTok жұлдызына айналды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Садақ атып, нысанаға дәл тигізген 64 жастағы Ләззат Есікеева күйеуімен бірге Түркістанда қонақүй кәсібімен айналысады.
“Әкем бала кезімде алғашқы ұстаған садақ пен жебелерді қолдан жасап берген. Оның "қолы алтын" болды. Әкем нысананы да картоннан желімдеп жасап берді. Сосын "Қызым, ат" дегені есімде. Ол кезде бала болған соң қатты қуандық. Осылайша садақ атуды үйрендім. Бірақ бұл кәсіби дайындық емес, балалар ойыны ғана еді”, – дейді әже.
Ләззат Есікеева зейнетке шыққан соң садақ пен жебені қолына қайта алыпты. Оның нысанаға жебені дөп тигізген сәті түсірілген видеоны TikTok желісіне немерелері жариялаған. Видео аз уақыт ішінде жүздеген мың қаралым жинаған.
Ләззат Есікеева болашақта Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, нағыз шайқаста бағын сынауды мақсат етіп отыр.
“Үш саусақты қатар ұстап, дұрыс көздесеңіз, нысанаға дәл тиеді. Садақтың жібін тарту қиын, қолым ауырады. Сондықтан қолғап киемін. Ол жарақат алмас үшін қолды қорғайды”, – дейді әже.
Түркістандық зейнеткер белсенді өмір салтын ұстанады. Қонақ үйге туристер қабылдап, оларға көне садақ ату өнерін үйретеді.
Оның айтуынша, бұл қызық спорт әрі пайдалы. Көзді, зейінді шоғырландырып, сабыр сақтауға үйретеді.