Қоғамдық саясат институты Қазақстанда ораза ұстаушылардың портретін жасады

Жаңалықтар

Ораза ұстаушылардың дені – жоғары білімді, дін ұстанатын және көп балалы ата-аналар .

Қоғамдық саясат институты 17 ақпан мен 6 наурыз аралығында жүргізілген сауалнама нәтижелерін жария етті. Бұл сауалнама елдегі ораза ұстайтын жандардың портретін жасауға арналған.

Сауалнама елімізде ораза ұстаушылар саны жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсеткен. Биыл олардың саны 6,6 пайызға артып, респонденттердің 38,9 пайызын құраған.

Ескерте кетейік, сауалнама Рамазан айына дейін басталғандықтан, респонденттер ораза ұстауға ниеті бойынша жауап берген.

Өңірлер арасында ораза ұстаушылар саны жөнінен бірінші орында Шымкент тұр. Қалада респонденттердің 80,4%-ы ауыз бекітуге ниетті екенін айтқан. Кейінгі орындарда Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда және Алматы облыстары тұр. Бұл өңірлерде жауаптардың тең жартысынан астамын ораза ұстауға ниеттілер берген. Сондай-ақ, сауалнама қорытындысынан ораза ұстаушылар қаладан (35,4%) гөрі ауылда (45,1%) көбірек екенін байқауға болады.

Ауыз бекітуге ниеттілер арасында жастар көп. Негізінен, 18-29 жас аралығындағы жастар ораза ұстауға мейлінше дайын болса, жас үлкейген сайын, ауыз бекітетіндер қатары азая бастайды. Ал гендерлік тұрғыда аса айырмашылық жоқ. Ер респонденттердің үлесі 39,5% болса, әйелдер үлесі сәл кем – 38,4%.

"Адамдардың ауыз бекіту жоспарына оның дінге қаншалықты жақындығы, отбасындағы бала саны және білім деңгейі әсер ететінін байқадық. Дінді берік ұстанатын респонденттер арасында ауыз бекітетіндер үлесі көп. Сондай-ақ, отбасында бала саны көп респонденттер арасында да ораза ұстаушылар көбірек. Ауыз бекітуге білім деңгейі де әсер етеді. Ауыз бекіткендер арасындағы жоғары білімі бар респонденттер басым", – дейді зерттеу авторлары.

Дегенмен, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 53,5%-ы ораза ұстауға ниетті емес екенін айтып жауап берген.


Оқи отырыңыз: Ораза айты 2025: ҚМДБ айт намазының кестесін жариялады