Жер сілкінісінен үш ғимараттың қабырғасында жарықшақ пайда болған

Жаңалықтар

28 наурыз күні түн мезгілінде Жамбыл облысы аумағында болған жер сілкінісін бірнеше аудан тұрғыны сезінді. Жер дүмпуінің жоғары қарқыны 5 баллды құрады. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен облыстық штаб жедел іске кірісті, деп жазады Egemen.kz.

Облыс әкімі мән-жайды зерделеу үшін жер дүмпуі қатты сезілген Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарына жұмыс сапарымен аттанды. Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметке сенсек, жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер жоқ. Әйтсе де алдын ала мәлімет бойынша Тұрар Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасы және Ойтал ауылындағы білім ошағының қабырғасында жарықшақ пайда болған. Басқа нысандар туралы мәліметтер нақтыланып жатыр.

Өңірде тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері мен жедел желі нөмірі үздіксіз жұмыс істеп тұр.