Бір қызығы, халықаралық қауымдастықты елең еткізген бұл жобаны Қазақстан жүзеге асырды.
Бұл туралы Беларусь республикасының Ұлттық банкі хабарлады.
Еуразиялық одақ бойынша одақтас ел жаңа банкноталар мен монеталарды шығарып жатыр: оларды коллекционерлер өз жинағына қоса алады, сондай-ақ халық төлем құралы ретінде дүкенде есептесе алады.
РБ Ұлттық банкінің хабарлауынша, 2025 жылғы 31 наурызда ерекше купюралар – 80 рубльдік банкноталар айналымға жіберіледі.
Айта кету керек, әлемде жаппай қабылданған ереже бойынша әдетте, дәстүрлі түрде орталық банктер 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100, 200, 500 және 1 мың номиналындағы банкноталарды басады.
Беларусь бұл қатарда ерекшеленуді ұйғарыпты. Ақшаның 80 деген номиналы жеңістің 80 жылдығын символдайды.
Оның Ұлттық банкінің мәліметінше, бұл банкноталар мен монеталар сериясы "80 год Перамогі савецкага народа ў Вялікай Айчыннай вайне" (түпнұсқа емлесі толық сақталған) деген атау алып отыр.
"Беларусь Республикасының Ұлттық банкі 2025 жылғы 31 наурызда "80 год Перамогі савецкага народа ў Вялікай Айчыннай вайне" аталған, номиналы 80 рубль болатын естелік банкнотаны айналымға шығарады. Купюраның мөлшері – 150 мм х 70 мм. Жалпы таралымы – 80 000 дана", – деп мәлім етті елдің қаржылық реттеушісі.
Жаңа сипаттағы банкнотаның қасбетінде, жоғарғы жағында "НАЦЫЯНАЛЬНЫ БАНК РЭСПУБЛІКІ БЕЛАРУСЬ", сондай-ақ шығарылған жылы, "80 год Перамогі савецкага народа ў Вялікай Айчыннай вайне" деген жазулар бар.
Ортасында – Беларусь үшін бейбітшіліктің символы және сәулет туындысы саналатын көрнекті нысандар, Брест қамалының "Ерлік" монументі, "Отан-Ана" скульптурасы бейнеленген.
Астында – номиналы: "80 РУБЛЁЎ" деп көрсетілген.
Ал, сыртында, жоғарғы жағында – тағы да "НАЦЫЯНАЛЬНЫ БАНК РЭСПУБЛІКІ БЕЛАРУСЬ" пен "80" саны жазылған.
Ортасында – елдің ұлттық ою-өрнегі аясында, аялы алақанында сәбиінің қолын ұстаған ананың қолы кескінделген. Арт жағында "Минск Қақпасы" архитектуралық кешені, алма гүлі, ұшып жүрген ләйлек-құтандар бейнеленген.
Сондай-ақ "80 год Перамогі савецкага народа ў Вялікай Айчыннай вайне" және "ВОСЕМДЗЕСЯТ РУБЛЁЎ", банкнотаның сериялық нөмірі жазылған.
Сонымен қатар, РБ Ұлттық банкі жеңістің 80 жылдығына арнап, естелік монеталар шығарды. Олар да 2025 жылғы 31 наурызда қолданысқа енгізіледі.
Беларустің қаржылық реттеушісі бұл коллекциялық шақалар "Қазақстанның Ұлттық банкіне қарасты "Қазақстан теңге сарайы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнында жасалғанын" және "оксидтелген анциркулейтед" жоғары сапасына, сондай-ақ цифрлық мөрге ие екенін мәлімдеді.
Монеталардың номиналы – 20 беларустік рубль. 925 сынамадағы таза күмістен әзірленген, салмағы – 67,26 грамм. Диаметрі 50 миллиметр. Бұл нұсқасы 2 500 таралыммен шығарылды.
Сондай-ақ Қазақстан теңге сарайы Беларустің тапсырысымен мысты-никельді нұсқадағы монеталарды да жасап жіберген. Олардың номиналы – 1 рубль. Салмағы – 57 грамм. Диаметрі 50 мм. Таралымы – 5 000 дана.
Монеталардың аверсінде, яғни, қасбетінде: "РЭСПУБЛІКА БЕЛАРУСЬ" деген жазба, ортасында – ашық аспан, алып бидай масақтары мен гүлдер аясындағы Беларусь Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының бедерлі бейнесі тұр.
Күміс нұсқасының төменгі жағында "20 РУБЛЁЎ", мысты-никель нұсқасында – "1 РУБЕЛЬ" деп жазылған. Құйманың сынамасы да көрсетілген.
Ал, сыртында, реверсінің ортасында – оқ тескен орынның стильденген бейнесі (ойық жоқ), дабыл қоңыраулары, қираған қамал үйіндісі аясындағы ескі әскери техниканың және қару-жарақтың үлгілері кескінделген және "80 год Перамогі" деген жазу бар.
Сондай-ақ сырт жағының төменгі тұсында қып-қызыл түсті 3 қалампыр-гвоздика гүлі ерекше менмұндалайды.
"Айналымға жіберілген монеталар мен банкноталар Беларусьтің заңды төлем құралы болып табылады. Оларды қандай да бір шектеусіз, төлемнің барлық түрлері кезінде, жазылған құны бойынша қабылдануға міндетті. Өзге ақпараттарды Ұлттық банктің ресми сайтының ”Банкноты и монеты“ бөлімінен табуға болады", – деп мәлімдеді беларустік қаржылық реттеуші.