Өскемен қаласының келбеті өзгереді. Көне шаһардың сыртқы көрінісін жаңарту үшін сәулетшілер ортақ дизайн-код ойластырып жатыр. Осылайша 77 жыл бұрын салынып, бүгінде келбеті кете бастаған ескі ғимараттар бірыңғай түске боялады. Кешенді жоба қашан жүзеге асырылады?
Өскеменде көне ғимарат көп. Мысалы, Чехов атындағы көшеде кезіндегі көпестердің үйлері әлі тұр. 19- ғасырдың соңында салынған бесқабатты нысандар мен еліміздегі алғашқы кинотеатр да осы қалада. Қазір барлығы ескіріп, шаһардың сәнін кетіріп тұр. Сондықтан сәулетшілер қаланың ескі бөлігін өзгертуді жөн санайды. Бұл тұрғыдағы жұмыстар басталып та кетті.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұл үйлердің салынғанына 70 жылдан асты. Кетеуі кете бастаған баспаналар қалаға сүреңсіз реңк беріп тұрған еді. Қазір олардың сырты бір түске боялды, ауласы да алаңғай іспетті қалыпқа келтірілді. Қаладағы барлық ескі ғимарттарды осындай әдемі өзгеріс күтіп тұр, — дейді сәулетшілер.
Дегенмен ардагер сәулетші Сергей Комлевтың айтуынша, шаһардың келбетін өзгерту мәселесінде кәсіби көзқарас ескерілу керек. Әйтпесе артық қыламыз деп, тыртық қылу да ғажап емес. Сәулетшінің сөзінше, алдымен Өскеменнің барлық бөлігін қамтитын ортақ дизайн-код жасау қажет. Сонымен қатар әрбір шешім сәулетшілер кеңесінде талқылануы шарт.
Сергей Комлев, сәулетші:
- Қалада ондаған көне үй бар.Олардың әрқайсын тарихи-мәдени ескерткіш деп санауға болады. Ендеше оларды бояп, сырлап, әрлеу кезінде үлкен сақтық таныту керек. Бұл жұмысты істейтін ұйымдардың да тәжірибесі мықты болғаны жөн.
Әзірге Өскеменнің сәулеті қаланың Бас жоспарына сай өзгертіліп жатыр.
Замира Мұрсәлімова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Өскемен қаласында күндіз ғана емес, түнде де жақсы болып тұруы үшін түнгі сәулеттік жарықтандыру жасап жатырмыз. Осы жұмыстар қаламыздың Бас жоспары аясында жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан көшесі мен Шәкәрім даңғылында жұмыстар жүріп жатыр.
Ерке Ертістің жағасындағы қаланың ажарын ашатын әлі талай жоба жасалады,- дейді мамандар.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин