Бұл жұмыстарға теологтар тартылады.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа спорт саласындағы діни теріс ағыммен күрес қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында дене шынықтыру және спорт мәселелеріне қатысты түзетулер қабылданды. Оған сәйкес, енді аккредиттелген спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау міндеті белгіленеді. Вице-министр бұл қалай жүзеге асатынын түсіндірді.
"Тиісті норма осындай факторлармен күресу қажеттілігіне байланысты енгізіліп отыр. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп ұсынылды. Біз терроризмге қарсы орталық штабтың шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз, 2027 жылға дейінгі жол картасын әзірледік", — деді ол.
Айтуынша, федерациялар осы уақытқа дейін бұл мәселемен айналыспаған.
Щтаб мамандары жаңашылдықтарды түсіндіру мақсатында өңірлерді аралайды.
"Сәуірдің аяғы мен мамырдың басында барлық федерациялармен кездесіп, осы нормаларды жіті түсіндіреміз. Әзірге бұл профилактикалық шаралар болады",- деді министрлік өкілі.
Бұл жұмысқа тәжірибелі теологтар та тартылмақ.