Енді мемлекеттік бюджеттен легионерлерге қаржы бөлінбейді

Жаңалықтар

Рекордсмен директор. Бір адам спорт мектебін 28 жыл бойы басқарған. Алайда ауыз толтырып айтарлық нәтиже көрсетпеген. Енді мұндай мекемелердің жетекшілері бес жыл сайын ауысатын болды. Сондай-ақ легионер спортшыларға бюджеттен бір тиын да төленбейді.

Сенат спорт саласын реформалауға арналған заңды мақұлдады. Құжатта тиімсіз спорт түрлерін қаржыландыруды қысқарту да көзделген.

Спорт дегенде біздің қоғам ерекше назар аударатын мәселе – легионерлердің көптігі. Бір ғана футболдың айналасында 149 шетелдік ойыншы жүр екен. Екінші орында хоккей тұр. Мұз айдынында қазір 109 легионер өнер көрсетеді. Оның бәрі дерлік бюжеттен қаржыландырылады. Сенатта қаралған құжат күшіне енген соң оған толықтай тыйым салынады. Ал үнемделген қаржы басқа мақсаттарға жұмсалады. Мәселен, халықаралық жарыстарға жіберу кезінде параспортшыны алып жүретін адамның шығыны өтеледі. Сондай-ақ спортшылар мен бапкерлерді әлеуметтік қолдау туралы нормалар да бар.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Заңда спорт саласын басқаруды жетілдіру және жүйені жоғары нәтижелерге қол жеткізуге бағдарлау тетіктері қарастырылды. Мақұлданған заң саламатты өмір салтын насихаттауға, халықты әсіресе, балаларды спортқа баулуға және жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізуге оң септігін тигізеді деп сенеміз.

Бүгінге дейін спортта сүрінгенге қайта сенім артумен келеміз. Енді тек ережеге сүйеніп жүргізіледі. Мысалы, спорт мектебінің басшыларына нақты мерзім белгіленді. Бір адам бір мекемеде 5 жыл ғана директор бола алады. Осы кезеңде нақты нәтиже көрсетсе, қызметін жалғастырады. KPI-ды орындамағандар орнын босатады.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Мекемелердің басшылары ешқандай нәтиже көрсетпей, кейбір аймақтарда 20 жылдан астам бір ұйымды басқарып келген. Әкімдер, спорт басқармасының басшылары ауысады, бірақ мектеп директорлары ауыспаған. Аймақтардың атауын айтпай-ақ қояйын. Бір директор 28 жыл отырған. Ешқандай нәтиже көрсетпеген, сол уақыт ішінде ол жерде даму да болмаған.

Тиімсіз спорт түрлерін қаржыландыру қысқарады

Қазір елімізде жасөспірімдердің спорт мектептерінің саны – 521. Олардың директорын 5 жылдық ротациялау тәсілі бәрінде қолданылады.

Келесі маңызды өзгеріс – басым спорт түрлерін айқындау. Атап айтсақ, елімізде 184 спорт түрі бюджеттен қаржыландырылады. Бұл тым көп. Салыстырмалы түрде Ресейде 31, Германияда 15, Өзбекстанда 17 спорт түрін дамытуға көңіл бөлінеді. Біздің тізім айтарлықтай үлкен бола тұра халықаралық жарыстар мен олимпиадалардағы нәтижеміз төмендеп кетті. Депутаттар бұған дейін осы жайтты сынға алған. Енді осы заң аясында тиімсіз спорт түрлерін қаржыландыру қысқартылады. 2027 жылға қарай шамамен 60-70 спорт түрі ғана қалады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов