Жергілікті билік төтенше жағдайдың алдын алуға дайын екенін алға тартады.
Былтыр тұтас елде су тасқынына байланысты орын алған оқыс оқиғалардан соң биыл бұл мәселеге баса назар аударылып отыр. Төтенше жағдай қызметі жер-жерді зерделеп, қаупі жоғары аймақтарға бар күшті жұмылдыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сондай өңірлердің бірі – Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданы. Өткен жылы аталмыш ауданға қарасты
Жалаулы ауылындағы 15 үйді қарғын су басып, оның бесеуі тұруға мүлде жарамаған еді. Жазғы кезде демеушілердің тікелей қолдауымен мұнда бес баспана салынып, төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасыларға берілді.
Енді осы жылы Ақтоғай ауданындағы тағы бір елді мекен – Шолақсорға зор қауіп төніп тұр. Атап айтқанда, Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан жіберілетін судың көлемі көбейсе, елді мекенге мол су кіруі әбден мүмкін. Қазіргі таңда су қоймасына 201 млн текше метр су жиналған. Бұл жоспарлы көлемнің 87%-ын құрайды. Ал босатылып жатқан судың көлемі – секундына 200 текше метр.
Таяуда Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рүстамбек Әмірин Сілеті су қоймасын, Ақтоғай ауданының аумағын әуеден барлап қайтты. Соның барысында су басу қаупі бар барлық учаске тексеріліп, Сілеті өзенінде санитарлық су жіберу дайындығы, су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін келген күштер мен азаматтық қорғау қызметі топтарының әзірлігі зерделенді. Қауіп жоғары Шолақсор ауылында жедел іс-әрекеттер жасау үшін аудан күштері мен құралдарынан басқа 18 адам мен 5 арнайы техника орналастырылды.
Жалпы, облыс аумағында су тасқынының алдын алып, қажет болғанда салдарын жою үшін 2383 қызметкер, 737 арнайы және инженерлік техника, 342 су сорғыш пен 24 жүзу құралы дайын.