Енді әйелдер де әскерге баруға міндеттелді

Жаңалықтар

Тиісті жаңашылдық Еуропа еліне қатысты болып отыр.

Данияда әйелдер міндетті әскери қызметтен өтуге міндеттелді. 18 жасқа толған дат әйелдері шілдеден бастап әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы корольдіктің қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Мұндай жаңашылдық еріктілердің жетіспеушілігін өтеу мақсатында енгізіліп отыр.

"Қазіргі қорғаныс саясаты мен қауіпсіздік саласындағы жағдайды ескере отырып, қарулы күштер қатарына көбірек адам қабылдануы керек", — деді ол.

Министрдің сөзінше, биылғы 1 шілдеден бастап әскерге шақыру мәселесінде ерлер мен әйелдер арасындағы толық теңдік қалыптасады.

Бастапқыда дат әйелдері 2027 жылдан бастап әскери қызметке шақырылады деп жоспарланған. Соған сәйкес міндетті әскери қызмет мерзімі төрт айдан он бір айға дейін ұзартылды. Қазір әйелдер Дания қарулы күштеріне ерікті негізде қабылданады.

Әскерге кімнің шақырылатынын жыл сайынғы лотерея анықтайтын болады.

Ақпан айында ел үкіметі биылғы және келесі жылдарға арналған қорғаныс бюджетінің жалпы сомасын 6,8 миллиард еуроға артқанын хабарлады.

Соңғы уақытта Дания мен АҚШ әкімшілігі арасында Гренландияға қатысты келіспеушіліктер пайда болды.

Дания Норвегия мен Швециядан кейін әйелдер үшін міндетті әскери қызметті енгізіп отыр.