IELTS емтиханына қалай дайындалуға болады?

Жаңалықтар

IELTS (International English Language Testing System) – ағылшын тілін білу деңгейін бағалайтын халықаралық тест. Әлемнің көптеген елдерінде жоғары оқу орындарына түсу немесе көші-қон үшін IELTS сертификаты талап етіледі. 7.0+ балл алу – жақсы нәтиже саналады және ағылшын тілінде сенімді қарым-қатынас жасай алатыныңызды көрсетеді. Бүгін жоғары балл алу үшін қандай әдістерді қодлану керегін түсіндіреміз.

IELTS форматы

IELTS емтиханы төрт негізгі бөлімнен тұрады:

  • Listening (тыңдалым) – 40 сұрақ, 30 минут. Аудиожазбаларды тыңдап, сұрақтарға жауап беру қажет.

  • Reading (оқу) – 40 сұрақ, 60 минут. Мәтіндерді оқып, олардың мазмұнын түсіну қажет.

  • Writing (жазылым) – 2 тапсырма, 60 минут. Графиктерді сипаттау және эссе жазу керек.

  • Speaking (ауызша сөйлеу) – 11-14 минут. Емтихан алушымен ауызша сұхбат жүргізіледі.

Әр бөлім бойынша 0-ден 9-ға дейінгі балл қойылады, ал жалпы балл төрт бөлімнің орташа көрсеткіші ретінде есептеледі. Сондықтан әр бөлімге теңдей дайындалу өте маңызды.

Listening (Тыңдалым) бөліміне терең дайындық

Бұл бөлімде сізге ағылшын тіліндегі диалогтар мен монологтарды тыңдап, олардың мазмұнын түсіну қажет болады.

Дайындық стратегиялары:

  • Ағылшын тіліндегі аудиоматериалдарды күнделікті тыңдау. BBC, TED Talks, NPR сияқты платформалар тыңдау дағдыларыңызды жақсартады.

  • IELTS үлгісіндегі тесттерді жиі орындау. Cambridge IELTS кітаптарындағы тыңдалым тапсырмаларын шешіп, олардың құрылымын түсіну керек.

  • Жаңа сөздер мен тіркестерді жазып, жаттау. Естілген жаңа сөздерді жазып, оларды қолдану дағдыларын дамыту қажет.

  • Транскрипциямен жұмыс жасау. Тыңдалған аудиожазбаның мәтінін оқып, таныс емес сөздерді белгілеп, олардың мағынасын түсіну.

Reading (Оқу) бөліміне толық дайындық

Оқу бөлімі ғылыми, публицистикалық және көркем мәтіндерді түсіну қабілетіңізді бағалайды. IELTS Academic және General нұсқаларында бұл бөлімнің құрылымы әртүрлі болады, бірақ екі форматта да мәтінді тез әрі нақты түсіну қажет.

Дайындық стратегиялары:

  • Күн сайын ағылшын тілінде мәтіндер оқу. The Guardian, The Economist, National Geographic сияқты басылымдарды оқу ұсынылады.

  • Мәтінді оқудың әртүрлі әдістерін қолдану:

    • Skimming – мәтінді жылдам оқып, оның жалпы мазмұнын түсіну;
    • Scanning – нақты ақпаратты табу үшін мәтінді кілт сөздер арқылы оқу.
  • Сұрақ түрлерімен танысу. IELTS Reading сұрақтарының (True/False/Not Given, Matching Headings, Multiple Choice) құрылымын толық зерттеу.

  • Уақытты тиімді пайдалану. 60 минут ішінде 3 ұзақ мәтінді оқу қажет болғандықтан, әр тапсырмаға қанша уақыт бөлетіндігіңізді жоспарлау өте маңызды.

Writing (Жазылым) бөліміне терең дайындық

Бұл бөлімде екі тапсырма беріледі:

  • Task 1 (Академиялық IELTS) – диаграмма, график немесе карта бойынша есеп беру;

  • Task 2 – эссе жазу (General және Academic IELTS үшін бірдей).

Дайындық стратегиялары:

  • Task 1 үшін: негізгі график түрлерін талдауды меңгеру (Line Graph, Bar Chart, Pie Chart, Table, Process Diagram, Map).

  • Task 2 үшін: эссенің дұрыс құрылымын сақтау (Кіріспе, Негізгі бөлім, Қорытынды).

  • Күрделі грамматикалық құрылымдарды пайдалану. IELTS 7.0+ балл алу үшін шартты сөйлемдер (Conditional sentences), салыстыру құрылымдары (Comparison structures) және күрделі синтаксистік құрылымдар қолдану керек.

  • Академиялық стильде жазу. Формалды сөздерді қолдану маңызды.

  • Уақытты тиімді пайдалану. 250 сөзден тұратын эссені 40 минут ішінде жазуды үйрену керек.

Speaking (Сөйлеу) бөліміне терең дайындық

Ауызша бөлім үміткердің ағылшын тілінде еркін сөйлеу қабілетін бағалайды.

Speaking бөлімінің құрылымы:

  1. Self-introduction (Өзін таныстыру) – күнделікті тақырыптарда сұрақтарға жауап беру.

  2. Cue Card (Картамен сөйлеу) – берілген тақырып бойынша 2 минут сөйлеу.

  3. Discussion (Талқылау) – күрделі сұрақтарға жауап беру, өз көзқарасын дәлелдеу.

Дайындық стратегиялары:

  • Тақырыптық сөздік қорды кеңейту. IELTS-те жиі кездесетін тақырыптар бойынша сөздік қорыңызды көбейту (саяхат, білім, технология, қоршаған орта, денсаулық және т.б.).

  • Ағылшын тілінде сөйлеу практикасын жасау. Тілдік клубтарға қатысу немесе тәлімгермен дайындалу ұсынылады.

  • Интонация мен сөйлеу ырғағын дамыту. Табиғи сөйлеу мәнерін қалыптастыру үшін ағылшын тіліндегі аудиожазбаларды қайталап айтуға дағдылану керек.

  • Cue Card сұрақтарына дайын жауаптар дайындау. Жиі кездесетін тақырыптар бойынша жауаптарды алдын ала ойластырып, пысықтау маңызды.

Уақытты тиімді пайдалану және психологиялық дайындық

IELTS тестіне дайындалу барысында уақытыңызды дұрыс басқару өте маңызды.

  • Дайындық жоспарын құру. Күніне кемінде 2-3 сағат дайындалу керек.

  • Толық сынақ тесттерін өткізу. Айына кемінде 2 рет толық IELTS тестін орындап, уақытқа жұмыс жасау.

  • Психологиялық дайындық. Тест алдындағы күйзелісті басқару үшін тыныс алу жаттығуларын жасау ұсынылады.

IELTS-ке 7.0+ балл алу үшін кешенді дайындық қажет. Тыңдалым, оқу, жазу және сөйлеу бөлімдеріне теңдей көңіл бөліп, уақытты тиімді пайдалану керек. Академиялық стильде жазу, нақты сөйлеу және ағылшын тіліндегі материалдарды жиі пайдалану жоғары нәтижеге жетуге көмектеседі. Дайындық барысында күнделікті ағылшын тілінде сөйлесіп, сынақ тесттерін орындау маңызды. Дұрыс әдістерді қолдана отырып, сіз қалаған нәтижеге қол жеткізе аласыз!