Илон Масктың ел алдындағы беделі төмендеді

Жаңалықтар

Миллиардер Илон Масктың ел алдындағы беделі төмендеді. Мұны халық арасында жүргізілген сауалнама көрсетті. Кәсіпкердің мемлекеттік тиімділік департаментіндегі қызметіне көп адамның мүлде көңілі толмайды екен.

Америкалықтар жұмыс орындарының қысқарып, федералдық мекемелердің жабылуына Илон Маск кінәлі деп санайды. Жартысынан көбі «миллиардер тек бас пайдасын ойлайды»,- десе, үштен бірі ол ел мүддесі үшін қызмет етеді деп есептейді. Қалай десек те, Илон Масктың саясатқа араласуынан әзірге қайыр болмай тұр. Әсіресе «Тесла» компаниясына зияны тиіп отыр. Қазір «Тесла» көліктеріне сұраныстың едәуір азайғаны байқалады. Сауалнамаға 2 мыңға жуық адам қатысқан. Олардың 67%-і: «Кәсіпкердің электр қуатымен жүретін темір тұлпарын сатып алуға ниетіміз жоқ», – деп жауап берген. Илон Масктың Дональд Трампқа жақындығынан «Тесла» көліктерінің Еуропадағы саудасы да құлдырап кетті. Жыл басталғалы Еуроодақ елдерінде электр қуатымен жүретін 26 мың темір тұлпар сатылған. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 49%-ке аз.