Қазақстанда кімдер тегін жеке көмекші алуға құқылы

Жаңалықтар

Елімізде мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекші қызметін қаржыландыру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР Әлеуметтік кодексінің 163-бабына сәйкес, жеке көмекшінің қызметін алу құқығы жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға ғана беріледі. Бұл қызмет тұрғылықты жері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама әзірлеген бейімсіздік және оңалту жеке бағдарламасы аясында көрсетіледі.

Көмекті қалай рәсімдеу керек

Жеке көмекші қызметін алу үшін өтінім беруші «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе тұрғылықты жері бойынша Еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгінуі қажет.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның өтінімін, жеке басын куәландыратын құжатын, сонымен қатар мүгедектігін растайтын құжаттары мен болған жағдайда бейімсіздік және оңалту жеке бағдарламасын ұсынуы қажет.

Өтінімді мүгедектігі бар адамның өзі, сондай-ақ оның заңды өкілі немесе сенім білдірген тұлғасы бере алады. Егер құжаттар дұрыс әрі уақыты рәсімделген жағдайда өтінім бес жұмыс күні ішінде қарастырылады.

Жеке көмекші таңдау үшін әлеуметтік қызметтер порталын пайдалануға болады.

Көмек көрсету мерзімділігі мен шарттары

Жеке көмекші бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына және нысандарға баруына көмектеседі. Қызмет Қазақстанның азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған келісімшарт негізінде көрсетіледі.

ҚР Әлеуметтік кодексінің 163-бабына сәйкес, жеке көмекшінің қызметтері жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен күніне сегіз сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады. Көмек көрсету тәртібі мен шарттарын әрбір қызмет алушының қажеттілігіне қарай өкілетті мемлекеттік орган реттейді.

Жеткізуші келесі мән-жай кезінде қызмет көрсетуден бас тартуға құқылы:

*Ұйым енді қызметтерді көрсетпейді – жеткізушілер тізілімінен алып тастау туралы өтінім берілген

*Жүктемеге байланысты бос мамандар жоқ

*Алушының тұрғылықты жерінде қызмет көрсетілмейді

*Алдындағы көмекшімен жанжал – маманды балағаттау немесе қорлау (куәгерлермен дәлелденген)

*Форс-мажор жағдайы (төтенше оқиға, табиғи апат немесе әскери іс-қимыл не өзге де жайттар).