0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Арал теңізінің құрғаған ұлтанына көктемгі сексеуіл егу жұмыстары басталды. Мамандар биыл алғаш рет агродрон қондырғысы арқылы тұқым себуді бастады. Сондай-ақ Аралдың экожүйесін жақсартуға шет елден қаржы көздері тартылып жатыр. Орманшылардың қауырт тірлігі жайында тілшіміз тарқатсын.
Аңқасы кепкен Арал теңізінің табанына 2021-жылдан бері сексеуіл егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Шөлге төзімді ағаштың көшеттерін қолмен отырғызып шығудың бейнеті көп болса, тұқым себу тәсілі көп күшті қажет етпейді. Заманауи технологияларды қолданысқа енгізген орманшылар биыл 100 мың гектар аумаққа агродронмен тұқым сеуіп шықпақ.
Руслан Ахметов, Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғзи алматы филиалының директоры:
Арал тенізінің кепкен жеріне фитомелиоративті өсімдіктерді өсіру үшін агродронды сынап көріп жатырмыз. Бұл құрылғы әуеге 50 келідей көтере алады. Біз сексеуіл тұқымдарын агродронмен жайып көрдік. Мұнан бөлек сарысазан секілді басқа да тұқымдарды сеуіп көреміз. Бұл бағдарлама 3 жылға арналған.
Жалпы теңіз ұлтанынан жыл сайын миллиондаған тонна тұзды шаң әуеге көтеріліп, жер жаһанға тарайды. Қазіргі таңда Арал экологиясына әлемдік ұйымдар бет бұрып, шетелдік компаниялар эко жобаға инвестиция құя бастады. Мәселен, Қазақстандағы Франция елшілігінің қолдауымен биыл 120 мың гектар жерге сексеуіл ағашы егіліп жатыр.
Бастьен Паскаль, эко-жоба инвесторы:
Біздің компания Арал теңізінің құрғаған ұлтанын көгалдандыру бойынша осындай орасан зор экологиялық бастамаға қатысқанын мақтан тұтады. Бүгінде жоба аясында 16 мың гектар алқапқа сексеуіл көшеттерін отырғызу басталды. Бұл біріншіден, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізсе, екіншіден әлеуметтік маңыздылығы да ерекше. Яғни, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отыр.
Данияр Тұрғамбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
Басты мақсаты тұз бен шаңды борандардың алдын алу және Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру. 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 583 мың гектар орман мелиорация жұмыстары жүргізілді.
Көтемгі сексеуіл егу жұмыстары сәуір айының алғашқы аптасына дейін жалғасады. Жалпы орманшылар жыл аяғына дейін 3 миллион 700 мыңға жуық көшет отырғызуды жоспарлап отыр.
Әділбек Серікұлы