Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық сотына түсті . Енді жәбірленушілердің мүддесін жаңа адвокаттар тобы қорғайды. Бұған дейін істі жүргізген Саида Тәукелова мен Айтбек Амангелді қорғаушылар тізімінде жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жәбірленушілердің адвокаты Жандос Палмановтың мәлімдеуінше, іс Алматы облысының прокуратурасы арқылы айыптау актісі негізінде сотқа жіберілген.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу деректерін жариялауға тыйым салынған. Дегенмен, жаңа қорғаушылар тобы қазірдің өзінде іс материалдарының көшірмесін алуға сұраныс жолдады, – деді Палманов.
Сот қылмыстық істің қабылданғанын растады.
Енді Шерзат Полаттың отбасының мүддесін Мейірман Шекеев, Әлім Мұстафаев, Бекзат Миязов, Жандос Палманов, Бағдат Амандосұлы, Нұрболат Ыбраев және Дина Досаева қорғайтын болады.
Сот құжаттарына сәйкес, іс 26 наурызда тіркелген. Айыпталушылар қатарында 9 адам бар:
• Белғожаев Шыңғыс Айдосұлы
• Әскентай Дархан Баялханұлы
• Ильясов Нұрқияс Төлетбекұлы
• Сакиев Равиль Магамедович
• Тоқтаубаев Нұрбол Маратбекұлы
• Қалиахмет Дидар Еркінұлы
• Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы
• Ысқақ Думан Қайдарұлы
• Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы
Бұған дейін іс бойынша 11 күдікті бар екені хабарланған болатын.
Адвокаттар ауысуы және Айтбек Амангелдімен дау
Сот процесіне санаулы күндер қалғанда Айтбек Амангелді мен Шерзат Полаттың отбасы арасында дау туған.
18 наурызда Амангелді жәбірленуші тараппен байланысы үзілгенін хабарлады. Ол Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың өз қорғаушыларына берген сенімхатынан бас тартқанын және өзге адвокаттарды тартатынын жазбаша жеткізгенін мәлімдеді.
Біз оған жауап қайтармауды шештік, өйткені оның мінезін білеміз. Бірақ келесі күні бес жаңа адвокаттың іске қосылғаны туралы хабар алдық. Отбасымен байланысуға тырыстық, бірақ сәтсіз болды, – деп жазды Амангелді.
Осыдан кейін жәбірленуші тарап адвокаттардан бас тартпағанын, бірақ Айтбек Амангелдінің процесте болмауын сұрағанын нақтылады.
Отбасы адвокаттардың көмегінен бас тартпайды және олардың еңбегіне алғыс білдіреді. Алайда соңғы күндері орын алған оқиғаларға байланысты, Айтымның (Айтбек Амангелді) бұл іске қатыспауын сұраймыз, – деді Қаржаубай Нұрымовтың әпкесі.
Қоғам белсендісі Дінмұхаммед Қаматай бұл мәселе бойынша отбасының ұстанымын растады.
Бұрынғы адвокаттар істен шеттетілді. Жаңа қорғаушылар жарияланғаннан кейін, олардың ешқайсысы бізбен байланысқа шыққан жоқ, – деді ол.