Наурыз айындағы ҰБТ-ның үш аптасында ( аралық қорытындылар) 88 мыңға жуық адам тест тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шекті балды 72%-ға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 65 балды (5 пән бойынша) құрады. Ең жоғары балл – 139, оны Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысында оқитын 2 талапкер жинаған.
Тестке қатысушылардың 70,7%-ы қазақ тілінде, 29,2%-ы орыс тілінде, 100 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Талапкерлердің көбі 18,1%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. 14,8%-ы «Биология-Химия», 12,6% «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 105 адам тапсырған.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше қазіргі уақытта 121 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 43 талапкер смартфон, шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 55 адам шығарылған, ал 23 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылған.
Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге салайық, наурыз ҰБТ-сы 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 163 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.