Қазақстандық дәрігер ұшақ бортында адам өмірін сақтап қалды

Жаңалықтар

Қазақстанның педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының реаниматологы ұшақ бортында жолаушының өмірін сақтап қалды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Fly Arystan әуекомпаниясының Шымкент — Астана бағытындағы рейсінде 20 жастағы студент қыз есінен танып қалған.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, бортсеріктер дабыл қағып, ұшақтағы дәрігерлерден көмек сұраған.

"Жоғары білікті реаниматолог, "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ-ның жаңа туған нәрестелерге анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Әуелбекұлы көмекке ұмтылған", — деп жазылған хабарламада.

Тексеріс барысында науқастың тамыр соғысы нашарлағаны және қан қысымы төмен екені анықталған. Құрбанбеков пен басқа мамандардың шұғыл әрі үйлесімді әрекетінің арқасында бірнеше минут ішінде қыздың жағдайы жақсарған.

"Науқастың гемоглобин деңгейі небәрі 61 болғаны анықталды. Оның айтуынша, ол ешқандай ем қабылдамаған. Бұл оның есінен тануының негізгі себептерінің бірі болуы мүмкін", — деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Дәрігерлер қызға толық тексерістен өту үшін медициналық мамандарға жүгінуге кеңес берді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз