Күлдің құрамы өнеркәсіп талаптарына сәйкес келмейді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде күлді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар аз екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстанда күлдің құрамы өнеркәсіп талаптарына сәйкес келмейді. Қазақстандық жылу энергия орталықтары мен мемлекеттік аудандық электр станциялары негізінен құрамында жанбайтын қоспалары жоғары қоңыр және тас көмірде жұмыс істейді. Сондай-ақ, күл-қож қалдықтарында күкірт қосылыстары мен ауыр металдар бар, бұл құрылыстағы күлдің құнын төмендетеді. Осыған байланысты қосымша тазалау және қайта өңдеу қажет, бұл соңғы өнімнің өзіндік құнын арттырады", — деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Энергетика министрі Қазақстан күл-қож қалдықтарының айтарлықтай көлемі жиналғанын айтты.
"Алайда қайта өңдеу деңгейі төмен болып қалып отыр. Негізгі проблемалар күлдің сапасына байланысты, осыған орай күл өңдеу сұранысы төмен", — деп атап өтті ол.
Ведомство басшысының сөзінше, өңдеу үшін дамыған инфрақұрылым жоқ.
"Қазақстанда күлді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар аз, өңдеуді ынталандыратын мемлекеттік бағдарламалар немесе экономикалық ынталандырулар жоқ. Күлді тиімді пайдалану үшін жинау және логистика жүйесі де жоқ. Құрғақ күлді жою үшін модернизацияға инвестиция және күлдің үлкен көлемін өңдеуге дайын тиімді тұтынушы қажет. Өнеркәсіп тарапынан сұраныс болмаса, мұндай технологияларды енгізу тиімсіз болып қала береді", — деді Ерлан Ақкенженов.