Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
АҚШ, Ресей және Украина Сауд Арабиясының астанасы әр-Риядта өткен келіссөздерден кейін ресми мәлімдеме жасады. Кездесу нәтижесін алғаш болып Ақ үй жариялады.
Оған сәйкес, Вашингтон Мәскеумен және Киевпен Қара теңізде кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, күш қолданбауға келіскен. Бұған қоса АҚШ Ресейдің ауылшаруашылық өнімдері мен тыңайтқыштарын әлемдік нарыққа экспорттауды қайта қалпына келтіруге уәде берген. Ресей мен Украина тұтқын алмасуды жалғастыруға, энергетикалық нысандарға шабуылды тоқтатуға келісті. Қос тарап та бұл мәлімдемені растады.
Тек Мәскеу кеме қатынасы қауіпсіздігі туралы пункт Ресейден санкциялардың бір бөлігі алынып тасталғанда ғана күшіне енетінін жеткізді. Бұған қоса Кремль Ресей мен Украинаның шабуыл жасауға тыйым салынған энергетика нысандарының тізімін жариялады. Украина президенті Владимир Зеленский шабуылдан қорғалуға тиіс стратегиялық нысандар тізімін АҚШ-қа жібергенін растады.
Арай Төлегенқызы