Журналист Жазира Бегалы 25 наурызда Facebook желісінде Тасбөгет кентінің тұрғыны Сәуле Әкімова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны жайлы жазба жариялады.
Қызылорда қаласының полициясы әлеуметтік желіде әйелін күйеуі ұрып-соққаны туралы тараған видеоға қатысты түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
— Жәбірленуші ауруханада тазалықшы болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, күйеуі қызғаныштан жиі соққыға жығады. Соңғы рет алған соққыдан екі қабырғасы шытынағаны медициналық анықтамамен дәлелденді, – деп жазды журналист.
Полиция істі бақылауға алды
Қызылорда қалалық полиция басқармасы денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру дерегі бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
— Жәбірленуші екі баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылды. Оларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілуде. ІІІ топ мүгедегі болып табылатын күдіктіге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды, – деді Қалалық полиция басқармасының бөлімше бастығы Ләйла Туысбаева.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жүргізіп жатыр, ал қылмыстық іс облыстық Полиция департаментінің бақылауында.