Елімізде 30 мыңнан астам адам құлақ мүкістігіне шалдықса, оның 6 мыңнан астамы бала. Бұл туралы «Qazaqstan» телеарнасына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дәрігерлер инфекциялық құлақ дерті мен туабітті кереңдік көбейгенін айтып дабыл қағып отыр. Құлақтың естімеуі көбінде тұмаудың асқынуынан болады. Мамандардың сөзінше, инфекция мұрын жолдары арқылы өтіп, дыбыс жолдарын зақымдайды.
Елде жыл сайын орта есеппен 400 мың нәресте дүниеге келсе, соның 400-ден астамы құлақ мүкістігімен туылады. Қазіргі таңда туа бітті таскерең ауруымен 6 мыңнан астам бала тіркеуде тұр.
Туа бітті кереңдік көбіне тұқым қуалайды. Алайда соңғы жылдары жағдай өзгерген. Қыз-келіншектер жүктілік кезінде және оған дейін де антибиотиктерді шамадан тыс қолданады. Ал дәрінің кей компоненттері ағзада сақталып қалады. Салдарынан жатырдағы баланың дамуы тежеледі.