Әз-Наурыз БҰҰ штаб-пәтерінде тойланды

Жаңалықтар

Әз-Наурыз Біріккен ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде де тойланды.

Оған көптеген мемлекеттің өкілдері қатысты. Жиынға келгендер айшықты мереке тек Тұран аймағына емес, жалпы төрткүл дүниеге ортақ татулық пен жаңарудың мейрамына айналғанын айтты. Шара аясында концерттік бағдарлама қойылып, балалар көркемөнер байқауы ұйымдастырылды және ұлттық тағамдардан дастарқан жайылды.

Геосаяси ахуал ушыға түскен заманда татулықтың, ізгілік пен мейірімнің баға жетпес байлық екенін түсінуге болады. Біріккен ұлттар ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде дәл осындай ұстаныммен Ұлыстың ұлы күнін атап өтті. Оған Ауғанстан, Әзербайжан, Ирак, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Үндістан және Өзбекстан елдерінің Тұрақты өкілдіктері атсалысты.

Амина Моһаммед, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

- Бүгінгі мерекеге орай барлығыңызға Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысының ізгі тілектерін жеткіземін. Наурыз мейрамы көктемнің, жаңарудың, үміттің белгісі. Ол түрлі ұлт пен ұлыстың, ұрпақтар арасындағы татулықтың, ынтымақтастықтың жандана түсуіне ықпал етеді. Осындай керемет мейрамды тойлай отырып, баршамыз бейбітшілікке, өзара түсіністікке ұмтылып, табиғатпен үйлесімде өмір сүруге әрекет етсек деймін.

Қайрат Омаров, Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Биылғы наурыз мейрамы Орталық Азиядағы тарихи жағдаймен тұспа-тұс келіп отыр. Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекара келісіміне қол қойып, көп жылға созылған келіссөздер нәтижелі аяқталды. Бұл айтулы жетістік Наурыз мерекесінің шынайы нышаны – татулықтың маңызын көрсетіп отыр. Осылайша, Орталық Азия өңірлік ынтымақтастықтың үлгісі ретінде тұрақтылық, даму және бейбітшілікке барынша үлес қосуды көздейді.

Ресми шаралар аясында бүлдіршіндер де назардан тыс қалмады. Наурыз тақырыбында суреттер салып, тырнақалды туындыларын көрмеге қойды. Белсенділіктері марапатталып, мерекелік сыйлықтарға ие болды.

Альмира Сағымбаева, Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің қызметкері:

- Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымның төрінде барша түркі тілдес елдердің өкілдіктерімен бірлесе отырып, Наурыз мерекесін тойлап жатырмыз. Осы мерекеге орай балаларымыз Наурыз тақырыбына суреттерін әзірлеп, көрмеге қойды. Осы орайда барлық Қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ақ мол болсын, әрбір шаңырақта тек той болсын! Жақсылық, амандық болсын! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын!

Айзия Қалқаманова, сайыс қатысушысы:

- Менің атым Айзия, жасым 11-де. Астанаданмын. Менің суретім «Көктем келді» деп аталады. Өздеріңіз көріп тұрған бойжеткен көктемді бейнелейді, алдында қос қарлығаш ұшып, Наурыздың келгенінен хабар беріп тұр.

Жер шарының 300 млн тұрғынына ортақ мейрамды Біріккен Ұлттар Ұйымында атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналып келеді. Осылайша жаңғыру мен жаңаруға бастайтын Наурыз бейбітшілік пен жасампаздықтың да нышаны бола бастаған.

Ердана Ержанұлы