Қазақстан өз тобындағы келесі кездесуін 25 наурыздан 26-сына қараған түні сырт алаңда Лихтенштейн командасымен өткізеді.
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Кардифф қаласында Уэльс Қазақстан құрамасын қабылдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бірінші таймда алаң иелерінен Дэниэл Джеймс есеп ашса, Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген пенальтиден таразы басын теңестірді.
Екінші кезең басталысымен, 47-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін Қазақстан қақпашысы Александр Заруцкий мен қорғаушылардың сәтсіздігін Уэльс капитаны, ағылшындық "Тоттенхэм" ойыншысы Бен Дэвис пайдаланып кетті – 2:1.
Бәсекенің 62-минутында Серікжан Мужиковты Георгий Жуков алмастырғанымен, одан өзгеріс бола қоймады. Керісінше алаң иелерінің шабуылы күшейіп, А.Заруцкий екі мәрте өз қақпасын аман алып қалды.
74-минутта шабуыл шебіндегі Айбар Жақсылықов пен Максим Самородов алаңнан кетіп, олардың орнына Абат Айымбетов пен 16 жастағы Дастан Сәтпаев ойынға қосылды. Кейін Ислам Чесноковты Ғалымжан Кенжебек алмастырды. Бірақ қазақстандықтар қаншама тырысқанымен, одан ештеңе шығара алмады.
Есесіне 90-минутта ойын соңына таман алаңға шыққан Рабби Матондо есепті 3:1-ге жеткізді.
Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы қатарынан ресми тоғыз матчта қарсыластарын жеңе алмай келеді.