Кен орынында өндірістік қауіпсіздік сақталмады.
Үкімет "Жомарт" кенішіндегі тексерістің нәтижесін жариялады. Ақпан айында ол жерде 7 кенші қаза тапты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тексеріс материалдарын сәйкес, кеніштің ішінде метан жиналған. Дәл осы газ электр құрылғылардан тұтанған. Оған қоса, желдету жүйесі дұрыс істемеген. Ал жауапты мамандар қауіпіздік шараларын, атап айтқанда, газдың жиналғанына уақытында мән бермеген.
"Жұмыс берушінің кінәсі 100 процентке дәлелденіп отыр. Қазіргі кезде ішкі істер органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр", – деді үкімет басшысы Олжас Бектенов мәжілістің депутаттық сауалына берген жауабында.
Ал бас прокурор Берік Асылов тағы депутатқа берген жауабында "Қазақмыс" корпорациясына қарасты кеніштерде болған апаттардың санын жариялады. Соңғы бес жылдың ішінде 151 қайғылы оқиға тіркелді. Соның басым бөлігі – 140 жағдайға жұмыс беруші кінәлі. Корпорацияда 1 500 технологиялық құрал-жабдық қауіпсіздік талаптарына сай емес болып шықты.
Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішінде апат болды. Соның салдарынан 7 кенші қаза тапты.