Ақтөбе облысындағы Ойыл ауылында көлік қатынасы реттелді

Жаңалықтар

Өткен аптада қарғын су уақытша салынған өткелді зақымдап , тұрғындар қайықпен қатынауға мәжбүр болған.

Қазір елді мекенге кіреберіс жолға техникалық көпір салынып, оқшауланып қалған төрт ауылдық округке жол ашылды.

Ойыл өзеніндегі негізгі көпір былтырғы тасқын кезінде қатты зақымданып, жөндеу жұмыстарына жабылған. Ал ауылға көлік қатынасын үзбеу мақсатында уақытша өткел салынды. Бірақ жақында оны да қарғын су бұзып, құтқарушылар 6 күн бойы тұрғындарды қайықпен тасымалдауға мәжбүр болды. Құрылысшылар болса сол мерзім аралығында техникалық көпірді тұрғызып үлгерді.

Әлібек Байнешов, ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Ойыл ауылына кіреберістегі орталыққа қатынайтын уақытша техникалық көпір пайдалануға берілді. Бұған дейін Ойыл, Көптоғай, Қараой, Сарбие ауылдық округтерімен жол қатынасы үзілген болатын. Аталған техникалық көпірді іске қосу арқылы бұл мәселе шешілді. Ал жаңа көпір бойынша мердігер анықталды, жұмыстарды бастап кетті.

Ал су деңгейі техникалық көпірден асып кететіндей болса, қалқымалы өткел пайдаланылады. Осыған орай Ойыл ауданына Алматы облысынан әскерилер келіп жетті.

Наурызхан Төлеуов, пантон-көпір батальонының командирі:

- Екі пантондық көпір, екі катер, бір жүзгіш транспортер және 11 әскери қызметшімен келдік. Біздің мақсатымыз Ойыл ауылын ауданмен су тасқыны болған жағдайда техниканың, адамдардың, азық-түліктің жеткізілуін қамтамассыз ету.

Қарғын су Қобда ауданы жұртшылығын әбігерге салып келген. Былтыр көктемде 147 баспана тасқын салдарынан бүлінді. Биыл елдімекендер іргесіндегі өзен-көлдер қатаң бақылауға алынды. Су шайып кеткен жолдар жөнделіп жатыр.

Ізгілік Тынымгереев, Қобда ауданының әкімі:

- Қазіргі уақытта Қанай ауылының кіреберісіндегі су шайған автомобиль жолықалпына келтірілді. Бүгінгі күнге ауданда ахуал тұрақты. Өзендерде су деңгейі түсуде. Елді мекендерге қауіп жоқ.

Аймақтағы өзендердің 45 шақырымға жуық жағасы бекітілді

Жалпы облыс аумағында су тасқынын алдын алу үшін 45 шақырым өзен жағасы бекітіліп, 152 шақырым арық тазартылды. Жолдарды кесіп өтетін жылғаларға 155 су өткізу құбыры орнатылып, ауыл аймақтың төңірегіне 72 шақырымға жуық қорғаныс бөгеті салынды. Өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді.

Айтуған Асқаров, Шұбарқұдық ауылының тұрғыны:

- Бұрын мына таудың бөктерінде де толып тұратын еді. Мына салған бөгетке де онша көп көтерілмеген. Әрі қарай, бері қарай ағып, жақсы кетіп жатыр. Мосттың асты да жырылмаған. Өте тамаша. Осы жердің барлық жұмыстарын қадағалағанның арқасында аман қалдық.

Облыс аумағында ірі үш су қоймасы бар. Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы 245 млн текше метр болса, қазір мұнда ол 70 процентке толып тұр. Ал Қарғалы жасанды көліндегі су деңгейі жартысына жеткен. Тек Сазды су қоймасы транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Демек, мамандар елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ деп отыр.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов