Ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген қызығушылық артқан сайын бұл бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлер де көбейіп келеді. Бірі құрақ көрпе тігіп, киім дайындаса, енді бірі интерьерді ою-өрнекпен сәндеп, кеңістікті қазақы болмысқа бейімдеп жүр. Енді бірі білте шам жасап, экологиялық таза өнімге қазақы өң береді. Олар үшін мұның бәрі – жай ғана қолөнер емес, тұрақты табыс көзі де. Қоңыр реңкті нарыққа бейімдеп, дәстүр мен кәсіпті үйлестіре білген кәсіпкерлер өз орнын тауып, тұтынушы талғамына сай жаңа тренд қалыптастырып отыр.
Қазақы нақыштағы жиһаз сәнге айналуы мүмкін бе? Күнделікті өмірге икемделген, заманауи интерьерге үйлесетін ұлттық стиль қалыптастыру ше? Айдана Ерімбет осы сұрақтарға «иә» деп жауап берді.
Ол – дизайнер, кәсіпкер, зерттеуші. Бірақ ең бастысы – қазақ мәдениетіне шын ғашық адам. Оның қолынан шыққан «Otyrar» аспалы шамы, «Lashyn» арт-орындығы, «Jylan qaiys» үстелі, «Astau, Qorqyt» креслосы секілді бұйымдар бір қарағанда өнер туындысына ұқсайды.
– Ұлттық стильдегі жиһазға сұраныс бар. Бірақ біз оны өзіміз байқамаймыз. Жиһаз алғанда көп адам бірінші болып IKEA-ны қарайды. Ал неге қазақы оюы бар орындық, киізбен қапталған үстел немесе көшпелілер дәстүрінен шабыт алған шам бірінші таңдауға айналмасқа? Мен қазақы стильді тек этно-фестивальдарда ғана емес, күнделікті өмірде де көруге болады деп санаймын. Маған бұл бизнес қана емес, өмір салты. Суретші боламын деп өстім, кейін интерьер дизайнын таңдадым. Бірақ «еуропалық стиль, скандинавиялық стиль» деген сөздерді тым жиі ести бастағанда ойландым. Қазақтың өзінің ерекше стилі неге интерьерде көрініс таппасқа? Сөйтіп, этнодизайн бағытында жұмыс істеуге кірістім, – дейді кәсіпкер.
2017 жылы дизайнер қызымыз ұлттық нақыштағы интерьер бұйымдарын жасау мақсатында өз дизайн студиясын ашты. Алғашқыда үш адамдық шағын шеберхана ретінде басталған кәсіп бүгінде еліміздегі танымал брендке айналды. Дизайнерлік студия ұлттық нақыштағы интерьер бұйымдарын жасап қана қоймай, олардың әлемдік нарыққа жол тартуына да жағдай жасайды. Студия шектеулі тиражбен эксклюзивті бұйымдар шығарады. Бұл стратегия бір жағынан өнімнің бірегейлігін сақтаса, екінші жағынан оның инвестициялық құндылығын арттырады. Қазір ол өнімдерін еліміздің әр өңіріне, тіпті шетелге экспорттап жатыр. Ақтау, Ақтөбе сынды қалалардан жиі тапсырыс түседі. Бұл аймақтарда ұлттық стильдегі интерьерге деген сұраныс жоғары.
– Отандық брендтерге ең үлкен сын – өндіріс. Қытайда жасап, «Made in Kazakhstan» деп жазу оңай. Бірақ мен үшін бұл жол емес. Біз шынайы ұлттық өнім жасағымыз келеді. Өндірістің әр сатысында қазақтың қолтаңбасы қалуы керек. Нағыз өнер – уақыт сынынан өтетін дүние. Біз тек сәнге айналған тренд емес, болашақта да бағасын жоғалтпайтын құндылық жасасақ дейміз. Бизнеске кіріспес бұрын қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды екенін түсіндім. Бар қаражатымды студияға салдым, несиеден бас тарттым. Ең бастысы – сапа мен даралық. Интерьер бұйымдарының өндірісі ұзақ уақыт алады, ал айналым қаражаты баяу қозғалады. Сондықтан қаржы ағымын мұқият жоспарлап, табыстың көп бөлігін қайта инвестициялау керек, – дейді Айдана.
Компания алдағы уақытта өнім ассортиментін кеңейтіп, жиһаз және үйге арналған тоқыма бұйымдарын шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, ұлттық мәдениетімізді заманауи тұрғыда қайта жаңғырту арқылы еліміздің брендтік өнімдерін әлемге танытуға ниетті.
– Бізде екі негізгі бағыт бар: интерьер дизайн және коллекциялық жиһаз жасау. Кейбір жобаларда этноэлементтерді классикалық интерьермен үйлестіріп, жаңа стиль қалыптастырамыз. Мысалы, мейрамхана интерьерін жасасақ, онда ұлттық оюларды тек сәндік элемент емес, функционал бөлшек ретінде қолданамыз. Ал жиһаз жасау бағыты бойынша мені collectible design қызықтырады – бұл коллекциялық жиһаз, бір жағынан – өнер, бір жағынан – күнделікті өмірде қолдануға болатын заттар. Дизайнерлік бизнес – тек шабытпен ғана жүретін сала емес, мұнда қаржылық сауат пен стратегиялық ойлау аса маңызды. Біз әр бұйымды жасауға кеткен шығынды, нарықтағы сұранысты, тұтынушының төлем қабілетін ескеріп, баға саясатын қалыптастырдық, – деп түсіндірді А. Ерімбет.