Үйге тыққан ақшаңыз көктеп кетпеуі үшін міндетті түрде мынаны жасаңыз

Жаңалықтар

Лайфхак: мамандар көктеп, сасып кетпеуі, не түсі бұзылмауы үшін долларды және басқа валюталарды қалай сақтау керектігін түсіндірді.

Үйде жатқан, тіпті банк пен банкомат берген бір бума купюраны санап отырғанда, одан шыққан қолқаны қапқан қолаңса иіс пен танауды жарған күлімсі ыстан тұншыға, жүрегі айни жаздаған адамдар бар шығар?

Мамандар өзге кез келген зат сияқты, дұрыс сақтамаса, банкноттар да иістеніп, көктеп кететінін еске салды.

Осы орайда мысалы, әлеуметтік желілерде долларының, еуросының, юанының, рублінің және басқа валюталардың дұрыс сақталмағандықтан, жиіркенішті жағдайға жеткені бейнеленген роликтер жетерлік.

Таяуда TikTok-та жарияланған видеолардың бірінде "долларды қалай дұрыс сақтау керектігі" көрсетілді. Ал, оның астында пікірін қалдырған комментаторлар валютаны сақтаудың төл құпияларын бөлісті.

"Егер банкноттар ұзақ жатып қалса және дұрыс сақталмаса, онда оны көк басады, түсі бұзылады, басқа да сантүрлі коррозияға ұшырайды. Салдарынан жарамсыз жағдайға жетуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін бір купюраны екіншісімен беттестіріп, аверстерін, яғни, қасбеттерін бір-біріне қарата орналастырыңыз! Әйтпесе, көптеген адам санауға ыңғайлы деп, барлық банкноталардың цифры бар қасбеттерін жаппай бір бағытқа қаратып, бумалайды", – деді ролик авторы.

Дегенмен, бұл іске жарамды лайфхак па, әлде жай хайп па, белгісіз қалды. Оны ақшасын осы айтылған тәсілмен жылдар бойы ұзақ сақтап, сынақ жүргізгендер ғана біле алса керек.

"Бұлай жасасаңыз, долларды көк басып, сасып кетпейді. Сондай-ақ ақша бумаларын су мен ауа өткізбейтін пакетке салсаңыз және ылғалды емес орында сақтасаңыз, болды!", – деп сендірді автор.

Бірақ бұл тәсілдің "басты бір кемшілігі" барын байқағандар табылды: "Сонда 1 купюраны аман сақтау үшін 2-ші купюра керек дей ме? Екіншісін қайдан табам? Бұл проблема", – деп қылжақтады роликті тамашалағандардың бірі.

Кейбір пікір білдірушілер ақша қорын ескі тәсілмен банкіде немесе кітап парақтарының арасында сақтайтындарын жазды. Бірақ соңғы жағдайда купюраға кітаптың әріптері басылып қалуы мүмкін.

"Мен баспанаға ақша жинағанда, жиған-тергенімнің бәрін қақпағы мықтап жабылатын шыны банкіде сақтадым. 10 жыл бойы солай жинақтадым. Ешқандай көк басқан жоқ. Тышқандар да кеміріп тастамады. Ішіне ылғал да кірмейді, ештеңе де алмайды", – деп өз тәжірибесін баяндады TikTok-тың бір юзері.

Өз кезегінде, Telegraf.news порталы үй жағдайында қолма-қол валютаны қалай дұрыс сақтау керектігі туралы банк қызметкерінің пікірін келтірді.

Басылым атын атамаған маманның пікірінше, шынында да сақтау шарттары орындалмаса, купюралар тез-ақ жарамсыз болып қалуы ықтимал. Соның кесірінен, ондай валюталарды банктер де, айырбастау бекеттері де, банкоматтар да қабылдамайды.

Банкноттарды жоғары температуралардың тікелей ықпалына ұшыратуға қатаң тыйым салынады екен.

"Мысалы, оны пештің жанында, жылу құбыры өтетін тұстағы еденде, радиатордың жанында ұстауға болмайды. Купюралар уақыт өте келе, қаудырлап, құрғап қалуы, түсі оңып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, оған күн сәулесі тікелей түспеуге тиіс. Бұдан өзге, әрине, ақшаны ылғалдылығы жоғары жерде қалдырмаған жөн. Өйткені купюраларды зең-грибоктар жайлап, көктей бастайды. Бояулары біртіндеп, жайылып кетеді", – деді банк қызметкері.

Зеңнің өрбуіне, көк басуына купюралардың "жасы" да әсер етеді: банкнот неғұрлым ерте кезеңде шығарылған, ескі болса, оның бетіне түсіп, тұнып қалатын микробтар, зең споралары да соғұрлым көп болады. Себебі, ол барынша көп адамның қолы мен қалтасынан өтеді, тері, май, дымқыл және басқасы сіңеді.

Айтпақшы, банк мамандары купюраларды кітаптың арасында сақтамауға кеңес берді. Бір жағынан, қандай кітаптың арасында қалғанын ұмытып кетуі мүмкін.

Екінші жағынан, кітаптың биті (Copeognatha немесе Psocoptera) болады. Мысалы, ескі-құсқы кітаптарды парақтап отырғанда осы ұсақ жәндіктер қашып бара жатады. Олар органикалық қалдықтармен қоректенетіндіктен, банкноттарды жемейді, бірақ бүлдіруі мүмкін.

Сондай-ақ, купюраларға кітаптың полиграфиялық бояуы сіңіп қалу қаупі де бар.

Азаматтар бір қарағанда, жап-жақсы күйдегі шетелдік валюталарды тапсырғанда, банк немесе айырбастау пункті оны қабылдамай жатады.

Маманның айтуынша, былайғы жұрт байқамағанымен, оператор арнайы ультракүлгін жарықтың астына тосқанда оны жайлай бастаған көк-плесеньді немесе көзге көріне бермес дақтарды байқап қояды.

Мұның бәрі купюраларды жарамсыз етеді және оны айырбастаудан немесе қабылдаудан бас тартуға сылтау болады.

Ақшаны үйде немесе басқа да орынжайда қалай дұрыс сақтаған ләзім? Мамандар ол нысанның ішінде:

  • Ауа температурасы 10-нан 30°С градус аралығында болуы керектігін (тым суық емес, тымырсық ыстық емес),
  • Ылғалдылығы 30–60%-дан жоғары болмауға тиістігін нықтады.

Сақтау үшін мамандар вакуумдық қаптаманы таңдауды ұсынады.

Егер температуралық және ылғалдылық режимі сақталса, пластик контейнерлер мен пластик қақпағы бар шыны банкілер де, сонымен қатар қағаз пакет немесе конверт те жарамды.

Соңғыларында табиғи ауа айналымы сақталады. Бұл купюраларды көк басып кетпеуіне мүмкіндік береді.

Ал, ақшаны полиэтилен пакеттерде (халық арасында: целлофан) сақтауға банк қызметкерлері кеңес бермейді.

"Егер мұндай пакеттің ішіне зең спорасы бар купюра қосылып кетсе, ұзақ жыл сақталған жағдайда басқа банкноттар да бүлінуі мүмкін", – деп ескертті мамандар.

Матрастың ішінде де сақтау – ескінің қалдығы. Адам білмес бактериялары, микробтары мен споралары бар заттың үстінде ұйықтау пайдалы болмаса керек.