Түркістан облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жатыр. «Наурызнама» онкүндігі аясында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлауда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін облыс орталығында «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік іс-шара өтті.Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, өңір тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Наурыз – молшылық пен жаңарудың мейрамы! Бабаларымыз 5 мың жылдан бері Наурызды жыл басы ретінде атап келеді. Наурыз Оңтүстіктен басталады. Бұл күні халқымыз мол дастарқан басында ақ тілектерін айтады. Наурызда ел аймақты тазалап, бұлақ көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы ретте «Таза Қазақстан» бағдарламасы елдік дәстүрмен үйлесіп тұр. Баршаңызды табиғатты аялап, ауламызды, ауылдарымызды тазалап, көшет егуге шақырамын. Наурызды Түркістанда қарсы алудың жөні бөлек. Себебі бұл тарихи шаһар – ұлтымыздың алтын бесігі... Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы – Түркістан өңірінде Наурыз жоғары деңгейде атап өтілуде. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтап, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін! – деді аймақ басшысы Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Түркістанның ең көрікті орындарының біріне айналған «Керуен сарай» кешеніне жиналғандар қарасы көп болған. Ұлттық дәстүр мен өнерді қамтыған мазмұнды бағдарламар дайындалған. Қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі ұйымдастырылып, келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысты. Ұлттық тағамдар көрмесі арқылы салт-дәстүріміз дәріптелді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, Наурыз мейрамының айшықты дәстүрі жалғасын тапты.
Концерт барысында ұлттық аспаптарда орындалған әуендер мен халық билері, түркі халықтарының музыкалық өнері, қазақтың «Тойбастар», «Наурыз-Думан» және өзге де әндері, «Жарапазан» тұрмыс-салт жыры және дәстүрлі өнер қойылымдары қамтылған. Күй күмбірлеп, бишілер би биледі. Ондаған киіз үйлер тігіліп облысымызбен қатар еліміздің өзге өңірлерінен және шетелден келген саяхатшылар Түркістан төріндегі Наурыз тойына куә болды.
Әкімдіктегілер Ұлыстың ұлы күніндегі мазмұнды іс-шаралар қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Ән мен әнші Түркістан төрінде» атты концерттік бағдарламасымен, «Тұран дала, әз Түркістан» атты республикалық ақындар айтысымен жалғасын тауып, «Шәмші. Вальс королі» спектаклі сахналанатынын алға тартты. Жалпы Түркістан облысының барлық аудан, қаласында Наурыз думаны жоғары деңгейде ұйымдастырылып, елдің еңсесі көтеріліп, жұртшылық жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алуда.