19 наурызда елордалық полиция департаменті жедел-іздестіру шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен екі азаматты анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Олар TikTok-та тікелей эфирге шығып, өздерін мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырып, Қазақстанның кез келген қаласында VIP нөмірлерді жылдам әрі арзан тіркей аламыз деп уәде берген. Жәбірленушілерден алдын ала төлем сұрап, қаражатты алған соң байланысқа шықпай қойған. Тергеу барысында жастар ұрланған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны белгілі болды, – деді полиция департаментінің өкілдері.
Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында олардың кемінде 20 ұқсас алаяқтық іске қатысы бары анықталды.
17 наурызда полиция қазақстандықтарға қалааралық тасымал саласында алаяқтардың белсенділігі артқанын ескерткен болатын.