Шорт-тректен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қатысады

Жаңалықтар

Әлем чемпионаты 14-16 наурыз аралығында өтеді .

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Пётр Гамидов алдағы әлем чемпионатында (Бейжің, Қытай) ел намысын қорғайтын спортшылардың есімдерін атады. Маманның айтуынша, құрамаға он спортшы енген. Жүлде үшін таласатын спортшылар: Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Глеб Ивченко, Яна Хан, Зейнеп Кумарқан, Ольга Тихонова, Малика Ермек және Алина Әжғалиева.

Қазіргі таңда құрама Астанада соңғы дайындықтарын өткізуде. Команда 8 наурыз күні Бейжіңге аттанады.

Жарыстар ерлер мен әйелдер арасындағы жеке қашықтықтар мен эстафеталарды қамтиды.

Жарыс кестесі:

14 наурыз: Жекелей жарыстар мен эстафеталардың бастапқы кезеңдері.

15 наурыз: Жекелей жарыстар бойынша жартылай финалдар мен финалдар.

16 наурыз: Эстафета финалдары және жабылу рәсімі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы әлем чемпионатында Денис Никиша 500 метрлік қашықтықта күміс жүлдеге ие болды. Ол шорт-трек бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды.