Қостанайда су басудың алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде

Жаңалықтар

Қостанай облысының әкімдігі 21 наурыздағы жағдай бойынша су тасқынына қатысты өңірдегі жағдай тұрақты екенін, барлық тартылған қызметтер үйлесімді және үйлестірілген түрде жұмыс істеп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыста су тасқыны жағдайына толық дайындық жасалған. Тәуекел тобындағы 92-ден астам елдімекен қамтылды. 46 шақырым білік салынып, 168 жаңа су өткізгіш құбыр, 20 км нөсер кәрізі тартылды, 27 ГТҚ жөнделіп, 50 бірлік жоғары өтімді техника сатып алынған. Жергілікті билік органдары су басу қаупін барынша азайту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде.

Облыста қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, бұл тұрғын үйлерді су басудан сақтап қалу мақсатында жасалған бірден-бір маңызды шара. Материалдық-техникалық құралдар сатып алынып, халық пен малды эвакуациялау орындары әзірленді, шағын өзендердің арналарын тазарту жұмыстары жүргізіліп, неғұрлым осал жерлерде өзен жағалаулары нығайтылды, қажет болған жағдайда қорғаныс құрылыстарын шұғыл тұрғызу үшін инертті материалдар әзірленді. Су тасқынын жою үшін шамамен 3 мың адамнан тұратын топ құрылып, шамамен 400 техника, 120-тен астам жүзу құралы және 330-дан астам мотопомпа жұмылдырылды,-делінген әкімдік мәліметінде.

Жалпы бүгінгі таңда 5 автомобиль жолын, соның ішінде республикалық маңызы бар 1 және аудандық 4 жолды су басу фактісі тіркелген. Барлық су басқан жолдар ерекше бақылауда. Қазіргі кезде «Құсмұрын-Новопавловка» жергілікті маңызы бар 1 жолды су шайған. Дәл осы уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр және жақын арада жол жамылғысы жөнделетін болады.

Келісілген іс-қимылдың арқасында жедел, яғни бір күн ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туды. Мәселен, 19 наурыз күні сағат 16.00-де «Үрпек-Қабырга» жолы шайылып, келесі күні сағат 10.30-да жол жабыны қалпына келтірілген.

Еске салсақ, өткен жылы Қарасу ауданында 5 көл қосылып кетіп, жалпы ауданы 622 шаршы км жерді су басқан болатын. Бұл мәселені шешу үшін 30 шақырымдық су бұру арнасы салынған. Сондай-ақ, облыстың оңтүстік аймақтары да ерекше назарда. Амангелді, Жангелдин аудандары мен Арқалық қаласындағы 30 елді мекенде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп, бөгеттер тұрғызылды, 26 шақырым жерде қорғаныс біліктері нығайтылды. Ал Жангелдин ауданында тасқын суларды қауіпсіз аймақтарға қайта бұруға бағытталған су бұру арналары салынды.

Ауыл шаруашылығындағы шығынның алдын алу және жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мал басының саны мен көшіру маршруты көрсетілген малды эвакуациялау орындарының картасы әзірленді. Шаруа қожалықтары мен қыстаулардан жалпы саны 39 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге көшірілді. Барлық орындар жем-шөп қорымен қамтамасыз етілген. Жергілікті билік ауыл шаруашылығы саласын көктемгі су тасқынынан қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда,-деп атап өтті әкімдіктен.

Тобыл, Торғай өзендері мен бірқатар елдімекендерде бекітілген кестеге сәйкес жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсаттарға 193 млн теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарымен суды тұтыну және трансшекаралық өзендердегі қауіп-қатердің туындауы бойынша тұрақты байланыс қамтамасыз етілген.

Айта кетсек, екі ірі су қоймасындағы судың жалпы көлемі — 881 млн текше метр (63%), нормасы — 1,4 млрд текше метр. Күтілетін ағын 360 млн текше метрді құрап отыр.

Су тасқыны кезеңіне дайындық және оны өткізу ерекше бақылауға алынған. Мамандар халықтың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, су тасқынының ықтимал қауіптерін барынша азайта отырып, үйлесімді жұмыс жасауда.