Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолы салынады. Мемлекет басшысы Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Үкіметке осындай маңызды тапсырма жүктеген еді. Ал елді мекендерді жалғайтын, экономикаға тың серпін беретін жолдың құрылысы қашан басталады? Оған қаржы қайдан бөлінеді?
Торғайдағы жол жайы – жылдар бойы күрмеуі шешілмеген мәселе еді. Енді бұл түйткіл де тарқатылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол құрылысын бастауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын нақты көлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба.
Ұзындығы 800 шақырым болатын дәліз Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарын қамтиды. Ол Орталық пен Батысты тікелей байланыстырып, көлік инфрақұрылымын жақсарта түседі. Халық та бұл жаңалықты қуана қабылдады.
Жол құрылысының кейбір учаскелерінде жөндеу жұмыстары биыл басталады. Ал қалған бөліктері жобалау және қаржыландыру мәселелері шешілгеннен кейін ғана қолға алынады. Жоба ауқымды болғандықтан, бюджетке салмағы да ауыр болары сөзсіз. Сондықтан жауапты ведомство халықаралық қаржы институттарымен инвестиция тарту бойынша келіссөздер бастаған.
Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті, ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы:
-Осы жоба бойынша 800 шақырым дедік. 450 шақырымындай ескі жолымыз бар. Оларды біз енді бастап, жөндей беретін боламыз кейбір учаскелерін. Ал қалған учаскесі 150 шақырымдай мүлдем жол болмаған. Әсіресе Егіндікөл мен Арқалықтың арасында. Торғай мен Ырғыздың арасында мүлдем жол болмаған осы уақытқа дейін. Бұл жерлерде жаңа құрылыс жасау керек болады.
Бұл тек жолаушылар үшін ғана емес, экономикалық тұрғыдан да маңызды жол. Ол Батыс Еуропа Батыс Қытай дәлізіне қосылып, Парсы шығанағы мен Ресейге шығуға мүмкіндік береді.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жүк тасушы жолаушыларға кем дегенде 10 сағат жолды қысқарту деген сөз. Бұл біріншіден. Екіншіден, бұл жолдың маңыздылығы. Бұл жолдың маңайындағы 5 облыс бар. Ол Ақмола облысы, Қостанай облысы, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарына үлкен экономикасының дамуына серпін береді. Ауыл шаруашылығы, кәсіпорындардың өркендеуіне, туризмнің дамуына қаншама сондай септігін тигізеді.
Жоба аясында мыңдаған жергілікті тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған. Құрылыс кезең-кезеңмен жүзеге асады. Сәтін салса, 2030 жылға дейін толық аяқталуы мүмкін. Демек жол игілігін көрер күн де алыс емес.
Авторлары: Дана Әлиева, Мейірбек Беспаев