Ер түріктің бесігі саналатын Түркістан шахарында да Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жатыр. Таңмен таласа тұрған өңір тұрғандары мен қала қонақтары «Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасын тамашалау үшін «Керуен сарай» туристік кешені аумағына жиналды. Қазір осы өңірдегі тілшіміз Жандос Жұмабек бізбен тікелей байланыста тұр.
Жандос Жұмабек, тілші:
-Қайырлы күн, Қазақ елі! Біз қазір Түркістанның ең көрікті орындарының біріне айналған «Керуен сарай» кешені аумағындамыз. Мұнда 30-ға жуық ақшаңқан киіз үй тігілген. Ұлттық қолөнер шеберлері мен суретшілер, ұлттық тағамдар көрмесі және спорттық ойындар мерекенің көркін қыздырып, ажарын аша түсті.
Жиналған жұрт көрмеге қойылған шеберлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдарды тамашалап, қазақ халқының бай мәдениетімен танысты. Қылқалам шеберлерінің алуан түспен көмкерілген туындылары көздің жауын алады. Ұлттық тағамдар көрмесінде аспаздар бүгінде ұмыт болған тағам түрлерін қайта жаңғыртып, көпшілік назарына ұсынды. Арқан тартыс, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату сияқты ұлттық ойындар көпшіліктің қолдауына ие болды. Осылайша, ұлттық мерекеде салт-дәстүріміз салтанат құрып, тарихымыз бен құнды мұраларымыз дәріптелді. Қазір менің қасымда қалалық Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев тұр. Қадырболат мырза, бүгінгі наурыз мерекесі несімен ерекшеленді?
Қадырболат Мұсағалиев, Түркістан қаласы әкімдігі Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы:
-Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған мерекелік шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады. Көктем мен жаңарудың жаршысы болған Наурыз мейрамы аясында қазір қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Ал ертең «Тұран дала, әз Түркістан» атты республикалық ақындар айтысы және «Шәмші. Вальс королі» спектаклі сахналанады.