Осы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқаруға келгеніне тура алты жыл толды. Оның президенттігі 10 жыл болады деп топшыласақ, демек осы жолдың бел ортасынан жүріп өттік. Сондықтан қандай нәтижеге жеттік, қазір ауыз толтырып не туралы айта аламыз деген сұрақтарға сарапшылар жауап іздей бастады.
Caravan.kz порталы толық сараптама жасайды.
Қоғам белсенділері мен мәжіліс депутаттары Тоқаев билікке келгелі елде көптеген оң өзгерістер орын алды деп есептейді. Асхат Аймағамбетов екінші президенттің жұмысына баға берді. Оның айтуынша, егер алты жыл бұрын осындай өзгерістер болады десе, көпшілік сенбес еді.
«Бірақ бүгінде бұл – қалыпты жағдай, бәріне түсінікті ереже. Біз бұл бастамалардың қалай басталғанын, қандай кедергілер болғанын жақсы білеміз. Ешкім жоққа шығара алмайтын факт:бұл өзгерістер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізген жүйелі реформалардың нәтижесі», — деп пікір білдірді мәжілісмен.
Білім жүйесіндегі өзгерістер
Білім ол жарық. Егер мұғалімнің шамы сөніп қалса, қоғам қараңғылықта қалады. Сондықтан да Президент реформаларын дәл осы ұстаздардан бастады.
Мұғалімдердің орташа жалақысы екі есе өсті.
“Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданды. Енді мұғалімдер заң бойынша газет-журналдарға күштеп жазылмайды, көшелерді тазаламайды.
Егер бұрын педагогикалық мамандықтарға талапкерлер амалсыздан түсетін болса, қазір ол ең сұранысқа ие мамандықтың қатарына кірді.
Педагогикаға түсушілердің орташа балы 55-тен 100-ге дейін өсті.
Енді мұғалімдікке ең үздік түлектер келеді. Бұл – нағыз жеңіс.
Мектеп жай ғимарат емес — ол болашақ фабрикасы
Бұрын жаңа стандарттағы, жайлы мектептер тек облыс орталықтарында, мамандандырылған мекеме ретінде салынатын. Бүгінде “Жайлы мектеп” жобасының арқасында ең заманауи мектептер шалғай ауылдарда да салынуда.
Барлық мектептер бірдей стандартпен салынады – заманауи жабдықтар, қауіпсіз орта, ерекше балаларға қолжетімділік. 217 мектеп салынады.
Мемлекет балаларды қолдауды күшейтті
100 мыңнан астам аз қамтылған отбасыдан шыққан балаға балабақшадағы тамақ үшін төлем жасаудың қажеті жоқ – мемлекет бұл шығынды өз мойнына алды.
Халықаралық олимпиадалар мен шығармашылық конкурстардың жеңімпаздарына қаржылай қолдау енгізілді – 6 млн теңгеге дейінгі сыйақы және ЖОО-ға ЕНТ тапсырмай-ақ грант.
Дарынды балаларға “Болашақ” бағдарламасымен шетелде оқу мүмкіндігі берілді.
Бүгінде мемлекет ерекше қажеттіліктері бар балаларға ерекше назар аударуда:
- Ондаған жаңа коррекциялық кабинеттер ашылды.
- ПМПК мен оңалту орталықтарының саны артты.
- Арнайы бағдарламалар мен жаңа қолдау шаралары іске қосылды.
Денсаулық сақтау: өмір сүруге мүмкіндік
Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға арналған қымбат таргеттік дәрілердің тізімі кеңейтілді. Бұрын бұл дәрілерге қолжетімділік шектеулі болса, енді олардың тізімі 2 есе, ал оларды ала алатын пациенттер саны 3 есе артты.
Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – науқастардың жақындарымен өткізетін қосымша уақыты. Бұл – аман қалған мыңдаған өмір.
Әрине, әлі де шешілмеген мәселелер бар. МӘМС мәселелері – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, ұзақ күту мерзімі және тексеруден өту жүйесіндегі проблемалар.
«Атқарылған, реформалардың барлығы – Ел Президентінің жаңа, заманауи саясаттының айқын көрінісі. Бастысы, бүгінгі таңда тек проблемаларды шешу ғана емес, әлеуметтік саясаттың тұтас қағидасы өзгеруде», — деп пікір білдірді Асхат Аймағамбетов.
Үкіметтің жауабы
Премьер-Министр Олжас Бектенов те Қазақстанның 6 жылда қандай өзгерістер кешкені туралы ауқымды мақала жариялады. Оның мақаласының мәнін экономист Айбар Олжаев түсіндірді.
2027 жылдары Қазақстан табысы жоғары мемлекеттер категориясына кіруі тиіс. Қазіргі Жалпы ішкі өнім 288 миллиард доллар. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады.
Біз мұнай-газ химиясы секторын жолға қоя алдық. Қазақстан полимерлер, композиттік материалдар мен химиялық реагенттер өндіретін елдер қатарына қосылды. Атыраудағы KPI зауыты полипропиленнің ірі өндірушісіне айналды.
Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.
Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Шетелдік серіктестер өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвестиция сала бастағанын атап өту маңызды. Оның көлемі 72,7 миллиард долларға жетті. БҰҰ Қазақстанды теңізге шыға алмайтын елдер арасында ірі ТШИ көлемін алушы ретінде екінші орынға шығарды.
Соңғы алты жылда сыртқы сауда айналымы бір жарым есеге, 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жетті. Экспорт құрылымында өңделген тауарлар үлесі артып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың шетел нарықтарына экспорты 28,8 миллиард долларға жетті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Экспорт құрылымындағы шикізаттың үлесі де барған сайын азайып жатыр. 2018 жылғы үлесі 74,5% болса, қазір 63,5%-ға дейін төмендеген.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылында Қазақстан экономикасы орташа есеппен 18,11 миллиард долларға өсіп отырған. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 179,3 миллиард доллларға бағаланды. Ал 2024 жылды біз 288 миллиард доллармен аяқтадық. Енді тура осы динамиканы сақтап отырсақ, президент өкілеттілігі аяқталатын
2029 жылы ішкі жалпы өнім 378,55 миллиард долларды құрауы мүмкін.
Қазір біздегі халық саны 20 286 084 адам. Орта есеппен бір жылда 380 мың адамға көбейіп отырмыз. Сонда 2029 жылы Қазақстан халқының саны 22 180 000 адам болуы тиіс. Демек адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 17,5 мың долларды құрайды деп болжауға болады. Сонда еліміз 10 жылдың ішінде кемінде екі есеге қуатты бола түспек.
Былтыр инвестициялық көлемі 40 триллион теңгеден асатын 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданды. Қазірге дейін біраз жұмыс атқарылып тастады.
Бұқтырма су қоймасына салынған көпір қолданысқа берілді. Шақпақ бабадағы туннель ашылды. Қаншама шақырым жол жөнделді. Құбырлар тартылды. Алдағы екі жылда Қашаған кенішінде газ өңдеу зауыты, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосылады. Бірнеше облыста электр стансасы салынады.
«Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт пайдалануға беріледі. Қарағанды мен Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені іске қосылады. Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады. Бұдан бөлек, қаншама жобалар бар.
Құрылтайдан соң не өзгереді?
Қазақстанда үлкен жобалар атқарылып жатыр және көпшілігі енді қолға алынбақ дейді сарапшы Айбар Олжаев.
Тоқаев келешекте дамыту қажет төрт саланы атап көрсетті. Цифрландыру және жасанды интеллект, көлік тасымалы, ауыл шаруашылығы, энергетика және адам капиталы.
Цифрландыру – сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болатын, талай жұмысты жеңілдететін бағыт. Осыған дейін ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырдық.
Көлік тасымалы бойынша, біз логистикалық хаб ретінде Қытай мен Еуропаны құрлық арқылы байланыстырып отырмыз. Орта дәліздің негізгі операторымыз. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын зауыттарға басымдық беру керек.
Адам капиталы мен энергетика түсінікті. Осы тірліктің бәрін атқаруға керек жұмыс күші мен энергия көзі.
«Мұның бәрі алдағы бес жыл көлемінде біртіндеп пайдасын әкеле бермек. Тез пісетін нәрсе жоқ. Жобаларды аяғынан дейін жеткізіп, ырыс пен берекемізді шайқамай тұрақты жұмыс істесек, біз көп нәтижеге жетеміз. Бұл жобалардың бәрі ұзақ мерзімді экономикалық дамуға бағытталған. Келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік жүгі ауыр», — деп қорытындылады қаржы сарапшысы.