Құмай тазысын шетелге шығаруға тыйым салу ұсынылды

Жаңалықтар

Сондай-ақ тазы мен төбет күнін дәстүрлі аңшылық маусымының ресми ашылуымен байланыстыру қажет, дейді депутат.

Сенатор Бибігүл Жексенбай қазақтың құмай тазысын шетелге экспорттауға тыйым салуды ұсынып отыр. Ол Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, қазақтың құмай тазысы – мәдени мұраның бір бөлігі ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейліктің маңызды символы.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына жолдауында дәстүрлі аңшылық мәдениетін сақтауды қоса алғанда, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы қазақ тазысын қорғау бойынша нақты шаралардың қажеттілігі туралы бірнеше рет айтты. Арнайы заң қабылданып, бірқатар мәселелер де қамтылып жатыр. Дегенмен, тазы тұқымының тазалығын сақтау және оның шетелге бақылаусыз шығарылуын болдырмау үшін қосымша өзгерістер қажеттігі мәселесін де мамандар көтеріп отыр", — деді сенатор.

Әлемдік тәжірибеге сәйкес, көптеген ел бірегей ит тұқымдарын қорғау үшін мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды қарастырған. Мәселен, Жапонияда акита-инуды, Түркияда кангалды, Түрікменстанда алабайды сыртқа әкетуге тыйым салынған, деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.

"Бұл тұқымдарды шетелге шығару тек мемлекеттік лицензия болған жағдайда ғана мүмкін болады. Қазақстанда да бұл бағытта қатаң шараларды қолға алған жөн. Құмайды экспорттауға толық тыйым салу немесе тиісті мемлекеттік органдардан арнайы рұқсат алуды міндеттеу маңызды", — деп атап өтті Сенат депутаты.

Оның айтуынша, құмай тазыны басқа тұқымдармен будандастыру оның бірегей қасиеттерін сақтап қалуына елеулі қауіп төндіреді.

"Ұлттық кинологтар қауымдастығы өкілдерінің пікірінше, елімізде тазы мен төбет күні деп белгіленген 3 қыркүйек тарихи және мәдени дәстүрге толық сәйкес келмейді. Қазақ аңшылық мәдениетінде тазы мен төбет – тек ит тұқымы ғана емес, көшпенділерді серіктері, аңшылық пен дала өмірінің символы. Дәстүр бойынша Қазақстанда аң аулау маусымы қарашада, алғашқы қалың қар түскен кезде – қансонарда басталады. Тазы мен төбет күнін осы кезеңге орайластырып, қарашаның алғашқы жексенбісіне белгілеуді қарастырған жөн", — деді ол.

Сенатор тазы мен төбет күнін дәстүрлі аңшылық маусымының ресми ашылуымен байланыстыра отырып, қарашаның бірінші аптасына ауыстыруды ұсынды.

Айтуынша, жазушы Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" шығармасы негізінде толықметражды көркем фильм түсіруді де қарастырған жөн.