Түркістанда 2,5 тонна наурыз көже пісірілді

Жаңалықтар

Өңірде 2025 жылдың туристік маусымы ашылды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Түркістан — Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өңірдің туристік маусымы ашылды. Облыстың туристік әлеуетін, инфрақұрылымын жақсарту және қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шарада көрермендерге ерекше шоулар ұсынылды.

«Jana lep» шығармашылық ұжымы қазақтың ұлттық әндерін орындап, көпшілікті сүйсіндірді. Сондай-ақ заманауи әуендер шырқалып, балалар ұлттық ойындарды ойнады.

Туристер мен түркістандықтарды таңғалдырған мерекеде тарихи тұлғалар мен кейіпкерлер енгізілген керуен жүріп өтті.

Туристік мерекеде 2,5 тонна наурыз көже пісіріліп, жұртшылыққа ұсынылды. Көже 150 теңгеден сатылды. Жиналған барлық қаражат балалар үйіне қайырымдылық ретінде беріледі болады. Қонақтар мен түркістандықтар наурызкөжемен ауыз ашып, бір-бірін мерекемен құттықтады.

Сиқыршылар қойылымы көрсетіліп, барабан шоуы ұйымдастырылды. Тамақты жылдам жеуден жарыс өтіп, қолөнершілер шоулары көрсетілді.