Нью-Йорктың әйгілі «Тайм Сквер» алаңында жүздеген адам шеруге шықты. Олар Газа секторында қантөгістің қайта басталғанына қарсы.
Жұрт Израиль әскери операцияны дереу доғаруы тиіс дейді. Көшеге шыққандардың ішінде еврейлер де бар. Дені Биньямин Нетаньяхудың саясатын мүлде қолдамайтынын жеткізді.
Итнцхок Деутш, жергілікті тұрғын:
- Тарих әділ әрі шынайы бағалануы үшін біз жалған әңгімелерге ермеуіміз тиіс. Бұл еврейлер мен мұсылмандардың соғысы емес. Біз палестиналықтармен жүздеген жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Сионистік қозғалыс басталып, күш алғаннан кейін бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан қантөгіске әкелді. Негізі басқыншылықты еврей халқы емес, сионистік қозғалыс өкілдері жүргізіп отыр.
Францияда да жүздеген адам Париж көшелеріне шықты. Олар Израиль шабуылдарынан 400-ден астам палестиналықтың өмірі бір түнде қиылғанына наразы. «Палестинаны босатыңдар» деп ұрандатқан шерушілер Газа секторындағы қиян-кескі ұрыстарды дереу тоқтатуды талап етті. Ал Биньямин Нетаньяху: «Әскери операцияның түпкі мақсаты анклавты талқандау емес, ХАМАС-тың әскери нысандарын жою», – дейді.