Сыр өңірінде ғасыр жасаған соғыс ардагерлері тұрады

Жаңалықтар

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қызылорда облысынан 150 мың сарбаз аттанған. Соның тек 60 мыңы елге оралды. Бүгінде Сыр өңірінде тұрып жатқан екі ардагердің бірі – Тілеуберген Тобабергенұлы 101 жаста. Қан майданда екі мәрте ауыр жарақат алып, жеңісті Берлинде қарсы алған жауынгерден әріптесім Нұрлан Жақыпбеков сұқбат алған еді.

Тілеуберген Тобабергенұлы Қазалы ауданының Жамбыл колхозында 1924 жылы дүниеге келген. 18 жасында майданға аттанып, 291-атқыштар полкі құрамында болған. Беларуссия, Польша, Чехословакия елдері мен Кениксберг, Калининград қалаларын азат етуге қатысады. Ал ұлы жеңісті Берлин қаласында қарсы алған. Оқ пен оттың ортасында екі мәрте ауыр жарақаттанған жауынгер елге оралғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Бүгінде 101 жасқа келген қария бата берген сайын, елдің амандығы мен тыныштығын тілейді.

Еліміз аман болсын. Өніп-өсіп, бала-шағаларың сау болсын. Қайда жүрсең жол болсын. Әумин.

Марал Түзбаева, Т. Тобабергенұлының қызы:

-Бейбітшілік болсын дейді, біздің көрген бейнетімізді, зұлмат соғысымызды келешек балдар көрмесін, тыныштық заман болсын деп өзінің тілегін айтып отырады ғой. Көненің адамдары бұрынғы таза тамақтар жегесін шығар, күшті болды. Әзірге де бұл кісі жаман емес, жақсы. Тек кәрілік қой жеңетін.

Тілеуберген ақсақал тоқсан жастан асқанша мал жайғап, бау-бақша өсірген. Бүгінде Қазалы ауданының ерікті жастары қарт жауынгердің үйіне жиі бас сұғып, шаруасына көмек береді екен.

Ербол Әбілқайыр, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

-Бүгінгі бейбіт күнді сыйлаған аталарымызды ешқашан ұмытпаймыз. Қазіргі таңда көктем айы болғандықтан егіннің маусымы келе жатыр. Сондықтан үй жағына бау-бақшасын егуге жерін тазалап, қол көмегімізді беріп жатырмыз.

Былтыр мерейлі жасқа толған майдангерге 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталған. Ал биыл Жеңістің 80 жылдығына орай 5 миллион теңге берілмек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев