Қызылордада жылу электр орталығы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 70 пайызға аяқталған. Жоғары қысымды газ құбыры тартылып, бу-газ турбиналарын орнату жұмыстары қолға алынған. 80 пайыз тозығы жеткен ескі жылу электр орталығы, тек 67 мегаватт электр өндірсе, жаңа стансаның өндірістік қуаты 240 мегаваттқа дейін жетеді. Яғни қаланы қуат көзімен толық қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда еліміздің бірқатар өңірінде осындай электр стансасы салынатынын айтты. Сыр өңіріндегі ЖЭО тамыз айында іске қосылады деп жоспарланған.
Медет Усаин, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
-Қазақстан Республикасының оңтүстік аймақтарында электр энергияның тапшылығы бар. Соны жүйеге келтіруге өзінің үлкен үлесін қосады және Қызылорда облысын жалпы тұтыну көлемін 100 пайызын қамтамасыз етеді. Қызылорда қаласының жылу энергиясына деген тапшылығын болдырмайды.