Биылдан бастап аудан әкімдерін халық сайлайды. Бұл туралы Президент жуырда өткен Ұлттық құрылтайда мәлімдеді. Соған сәйкес, енді түрлі себепке байланысты босаған аудан әкімінің орнына үміткерді тұрғындар таңдайды. Бұл мемлекеттік қызмет пен басқару ісіне жауапты әрі қабілетті азаматтарды тартудағы маңызды іс. Сондай-ақ халықтың саяси белсенділігін арттырып, жергілікті мәселелерді шешуге үлес қосуын қамтамасыз етеді.
Елдік мәселелер қаралған Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жергілікті биліктің түбегейлі жаңғыртылғанын жария етті. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72% жаңарған. Оның арасында бұрын ешқашан мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар да бар. Енді аудан басшылары да тұрғындардың таңдауымен анықталатын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90% бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады.
Бүгінде елімізде 200-ден астам аудан мен облыстық маңыздағы қала әкімі бар. Бұған дейін пилоттық жоба ретінде 45 әкім сайланған. Сондай-ақ, 2 400-ден астам ауыл әкімі жұмыс істеп жатыр. Әрі аудан басшысы да 4 жыл мерзімге сайланады. Оны халық таңдаған соң, оның тұрғындар алдындағы жауапкершілігі жоғары болмақ.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біз мәслихаттардың барлығын сайлағаннан кейін енді әкімдердің сайлауына келдік. Біздің Қазақстанның тәуелсіздік тарихында тікелей сайлаған ауылдардың әкімдері біздің демократияны, өз-өзіміздің құқықтық сана-сезімімізді көтереді. Сайланған басшы болғаннан кейін ол халықтың алдында жауапты. Ол өзінің жұмысын нақты түрде атқарады, жауапты болады.
Саясаттанушылардың айтуынша, мемлекеттік басқару ісіндегі мұндай өзгеріс елдің жаңа бір даму сатысына көтерілгенін көрсетеді. Әрі бұл жергілікті билікке жаңа құзыреттіліктер жүктейді. Сондай-ақ үміткерді сайлауда азаматтық қоғамның рөлін арттырады. Тұрғындар таңдаған әкімдерінен берген уәдесінің орындалуын талап етуге де құқылы болады.
Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:
-Бұл енді былай қарағанда, біртіндеп қадам-қадаммен осы реформаны енгізу деп айтуға болады. Алдымен біз ауыл әкімдерін сайладық, осы практиканы іс-жүзінде асырдық, оның қандай жұмыс атқаратынын, тиімді және тиімсіз тұстарын анықтап алдық. Енді әрі қарай осының бәрін ескере отырып, бұл практиканы аудан әкімдерін сайлауға енгіземіз.
Аудан әкімдерін сайлау олардың өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өткізіледі. Оған халық тікелей қатысады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов