Дубайда қой етінің экспорты артты

Жаңалықтар

«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір». Қазақстаннан Араб Әмірліктеріне ұсақ мал етін экспорттаушылар осы сөзімізге дәлел. Бұрынғы жылдары бұл елге Шопан ата түлігі тірідей жөнелтілетін. Қазір жағдай өзгерген. Жаңа сойылған қой еті мұздатылған қалпында әмірлік асатын болды. Ал осы іспен тұрақты түрде айналысатын кәсіпкерлер мол пайдаға кенела бастады. Мал бордақылау алаңдары кеңейіп, төл басы айтарлықтай артқан.

Рауан Мыңбай, тілші:

Әмірлікте қой етіне сұраныс қашан да жоғары. Жергілікті нарықта келісі орташа есеппен 7-8 долларға бағаланады. Төл ақшамызға шаққанда, 4000 теңгеге шамалас. Ал бөлшек саудада бұдан біршама қымбат. Бір анығы, араб халқы дәл осы Шопан ата түлігінің етін көп тұтынады. Негізгі қажеттілікті импортпен өтейді.

Араб мемлекетіне қой етін экспорттаудан Австралия көш бастап тұр. Қазақстаннан жеткізілетіні әзірге аз мөлшерде. Дегенмен сұраныс туристік маусымда еселеп артады. Бұрынғыдай емес, қазір біздегі комбинаттардың көбі әмірлік және Сауд Арабиясына мұздатылған ет жөнелтуге құқылы. Тасымал аптасына 4 мәрте орындалып жатыр. Әр 7 күн сайын орташа есеппен 15 тоннаға жуық қой еті келеді.

Навар Абдул Вахед, Eurasia бизнес қауымдастығының бас атқарушы директоры:

-Орталық Азия мен Шығанақтағы Араб елдерінің өзара ұқсастығы көп. Соның бірі — ас мәзірі. Екі халық та етпен әзірленетін тағамды ұнатады. Әмірліктерден бөлек, Сауд Арабиясында да қой етін тұтыну мөлшері жоғары. Қазақстандық кәсіпкерлерді шығанақ аумағына молынан қой етін экспорттауға шақырамын. Бұдлжай ғана сөз емес. Жан-жақты зерделенген тұжырым.

Былтыр Қазақстаннан әмірлікке 45 млн доллардың ұсақ мал еті экспортталды. Араб нарығына өнім жеткізу жолдарын Дубайда ашылған қазақ сауда үйі оңтайландырған. Бірқатар облыс шаруалары осы істің игілігін көре бастады. Тіпті экспортпен тұрақты айналысудың нәтижесінде төл басы 50 мыңға дейін жеткен.

Асылбек Баетов, БАӘ қазақ сауда үйінің бас директоры:

-Азық-түлік саласы бойынша қой еті басым бағыт саналады. Жалпы ет өнімдерінің саудасы мұнда қарқынды жүріп жатыр. Қазақстаннан тұрақты түрде жеткізіледі. Дегенмен маусымдық мәселелер болып тұрады. Соған қарамастан, қой етін өндірушілер тасымал көлемін ұлғайтуда. Жетісу, Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарында біздің экспорттаушылар бордақылау алаңдарын кеңейтіп жатыр.

Дубайдағы қазақ сауда үйі әмірліктер мен іргедегі өзге де шығанақ елдерінің нарығына енуге, «horeca» және ритейлер кеңістігіне тікелей шығуға ықпал етеді. Мамандардың айтуынша, төрт түлікті төлдетуге келгенде біздің жұрт Австралия не Бразилиядан кем емес. Бір кездері тіпті озық еді. Еске салайық, мұздатылған қой етінің былтыр 14 мыңға жуық тоннасы әмірлік асқан. Биыл кәсіпкерлер бұл межені еселейміз деп отыр.

Авторы: Рауан Мыңбай