Қазақстан мен Қатар екі ел арасында іздеуде жүргендерді бір-біріне ұстап береді

Жаңалықтар

Қазақстан мен Қатар енді екі ел арасында іздеуде жүрген күдіктілерді бір-біріне ұстап береді. Бүгін Сенатта осыған қатысты заң мақұлданды, деп хабарлайды 24kz.

Айта кетейік, келісімге былтыр Доха қаласында қол қойылған. Құжат екіжақты халықаралық құқықтық салада ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Еліміз бұған дейін әлемнің 20 елімен осындай шарт жасасқан болатын. Сонымен қатар жоғарғы палата осы мемлекетпен арадағы құқықтық көмекке қатысты заңды да мақұлдады. Мәселен, тараптардың құзыретті органдарына куәгер, жәбірленуші мен сарапшылар келе алады. Сондай-ақ қос ел ұсталғандарды тінту, мүлікті тәркілеу рәсімдеріне жәрдемдеседі. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінге дейін Қазақстан мен Қатар аумағында қылмыс жасаған азаматтар жоқ. Алайда Бас прокуратура екі ел арасындағы туристік ағынның көптігін болжап, кез келген қылмыстың алдын алуды жөн көріп отыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бүгін мақұлданған заңдар Қазақстан мен Қатардың құқық саласындағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Келісімдердің ережелері ұстап берудің рәсімдері мен құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта аталған заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады деп сенеміз.