Жыл сайын жасөспірімдерге қатысты 200-ден астам зорлық қылмысы тіркеледі.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан соңғы бес жылда оқушылар арасындағы ерте жүктілік 43 пайызға төмендегенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Еділ Оспанның сөзінше, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік немесе қажетсіз қарым-қатынастарға байланысты проблемалар бар.
"Сондықтан да білім беру саласында оның алдын алу үшін бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы бұл статистиканы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүргізеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ерте жүктіліктіктің 43%-ға төмендегені туралы ақпарат бар. Денсаулық сақтау министрлігі сондай ақпарат беріп отыр. Енді бұл ненің нәтижесі деген мәселеге талдау жүргізіп көрдік. Халықтың арасында, оның ішінде ата-аналар мен жасөспірімдер арасындағы жүргізілген түсіндіру жұмыстарының осындай нәтижеге әкелгенін көріп отырмыз. Бұл проблеманың түпкі себебі қыз балаларға қатысты зорлық екенін ашық айтуымыз керек", — деді Еділ Оспан.
Вице-министр жылына 200-ден астам зорлық қылмысы болатынын айтты.
"Әлеуметтік желілер арқылы қыз балалар бейтаныс адамдармен танысып, олардың бопсалауына, құрығына түсу фактілері де аз емес. Сондықтан екі бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек. Біріншіден, зорлық-зомбылықпен күресуіміз керек. Екіншіден, әлеуметтік желіге ата-аналардың бақылауын күшейткен жөн. Білім беру ұйымдарындағы жұмысқа келер болсақ, әрине, оқу бағдарламаларының ішінде міндетті түрде жасөспірімдерге қатысты ақпараттар беріліп отырады. Оның ішінде репродуктивті денсаулық, гигиена, жеке қауіпсіздік мәселелері бар", — деді Оқу-ағарту вице-министрі.