Алматы метрополитенінің жаңа бекеті іске қосылған соң жолаушылар саны 30%-ға артады деп жоспарланып отыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа бекет туралы не белгілі?
Метро бекетінің құрылысы 2020 жылы басталды, бірақ Наурызбай ауданы қарқынды дамуына байланысты 2022 жылы оның жобасы қайта қаралды. Жаңа жоба бойынша жерасты тоннельдерінің ұзындығы 1,98 шақырым болады, ал бекет Абай даңғылы бойында, Әшімов көшесінен батысқа қарай орналасады. Платформаның ұзындығы — 98 метр, ал оған іргелес аумақта 380 автотұрақ орны және 28 автобус тұрақ орны қарастырылады.
Алматы қаласы әкімдігі
Қала әкімдігі мәліметінше, 2024 жылы қаржыландыру жеткіліксіздігіне қарамастан, қазір жаңа бекет үшін қазылған шұңқырды әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сол жақ тоннельді қазу жұмыстары 100%-ға аяқталған. Дегемен құрылғылардың бірі істен шығуына байланысты оң жақ тоннель бойынша тек 559 метр қазылған, ал жоспар бойынша 1587 метр болуы керек еді.
Досаевтың тапсырмасы
Қала әкімі Ерболат Досаев мердігерге бөлінген қаражатты толық игеруді тапсырды. Сонымен қатар, нысанды 2026 жылғы қаңтарға дейін аяқтауды міндеттеді.
Әкім мердігерге қосымша қазу кешенін іздеп, оң жақ тоннельді екі жақтан бір уақытта қазуды жалғастыруды ұсынды.
Әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, бұл метро бекетінің ашылуы қаладағы көлік қозғалысын жақсартып, метро пайдаланушыларының санын тәулігіне 30 мың адамға арттырады. Өйткені "Сарыарқа" және "Бауыржан Момышұлы" бекеттері іске қосылғаннан кейін метро жолаушыларының саны 50 мыңнан 110 мың адамға дейін көбейген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!