Қазақстан бүкіләлемдік жастар фестиваліне қатысты

Жаңалықтар

Бұл күндері Тәжікстанда Наурыз мерекесіне орай «Navruz Youth World Festival» бүкіләлемдік жастар фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шараға 26 елдің делегаттары, соның ішінде Қазақстанның белсенді жастары мен волонтёрлері қатысуда.

Халықаралық фестиваль мәдени алмасуды дамытуға, Наурыз мейрамын жаңару мен достықтың символы ретінде насихаттауға, сондай-ақ БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына жетуге бағытталған. Фестиваль аясында білім беру, инклюзия, жұмыспен қамту және экология мәселелері қарастырылып, жастар саясатының негізгі міндеттері талқыланды, — делінген мәліметте.

Фестивальдің әр күні Тәжікстанның түрлі қалаларында өтеді. Іс-шара Душанбе, Айни, Пенжакент, Истаравшан және Худжанд қалаларында ұйымдастырылады. Бағдарламада білім беру және пікірталас алаңдары, стартап зертханалары, спорттық жарыстар, сондай-ақ мәдени ойын-сауық іс-шаралар бар.