«Жаңа Қазақстанға» қарай тас ататындар «ескілердің» есесін күйттейді – депутат (ВИДЕО)

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ескі билікпен күрес әлі жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстанның жаңа тарихында «реформалар кезеңі» деген таңбамен қалатын дәуірдің барысында түрлі себептерге байланысты кідірістер барын да жоққа шығаруға болмайды. Елдегі 30 жылдық сірескен авторитарлық сүрі мұраның «мұрынын бұзып», қыр арқасын қирату жаңа билікке де оңайға түсіп жатпағанын іргеден сезініп жүрміз, — деді депутат.

Оның айтуынша, ескілердің ерегескен қарсылығы «Қаңтардан» кейін де дамыл тапты дей алмаймыз.

Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің «Жаңа Қазақстанға» қарай атқан тасы «ескілердің» есесін күйттейтіне куә болып жүрміз. Жеке дара билікке табыну дерті өн байына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына осы ортаға келген менің көзім әбден жетті, — деп айтты депутат Ермұрат Бәпи.