Асхат Аймағамбетов білім мен медицина саласындағы жұмыстарды саралады

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кейінгі алты жылдың ішінде мемлекетіміздегі өзгерістер мен оң бетбұрыстарға тоқталып, оқу-ағарту мен денсаулық сақтау салаларындағы ілкімді жобаларды атап өтті, деп хабарлайды Egemen .kz.

Депутат бүгінгі күндегі игіліктер бірнеше жыл бұрынғы ел азаматтарына орындалмайтын арман болғанын жеткізді. Заман өзгеріп бұл бастамалар қалыпты жағдайға айналғанын айтты.

Ең әуелі А. Аймағамбетов мұғалімдердің мәртебесі туралы баяндады.

«Мұғалімдер – еліміздегі ең ірі кәсіби қауым. 500 мыңнан астам педагог – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын жандар. Білім — бұл жарық. Егер мұғалімнің шамы сөніп қалса, барлық қоғам қараңғыда қалады. Сондықтан да, Мемлекет басшысы реформаларын дәл осы ұстаздардан бастады. Мұғалімдердің орташа жалақысы небәрі 109 мың теңге болса, бүгінде ол екі еседен астам өсті. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды», деді ол.

Сондай-ақ мұғалімдердің ықтиярынсыз газет-журналдарға жазылу, көше сыпыру, шексіз есеп беру міндеттері заңмен тоқтатылғанын басып айтты.

Депутат одан әрі Президенттің «Жайлы мектеп» жобасына тоқталды.

«Енді, мектептің қай жерде орналасқаны маңызды емес – ауылда ма, қалада ма – барлық жерде бірдей, жоғары стандарттар: заманауи жабдықтар, қауіпсіз орта, ерекше балаларға қолжетімділік. Бұл бұрынғыдай тек облыс орталықтарында ашылатын 20-30 элиталық мектеп емес. Бұл – бүкіл ел бойынша, оның ішінде шалғай ауылдарда салынған 217 жаңа әрі жайлы мектеп. Имидждік объектілер емес, шын мәнінде елге қажет мектептер мен ауруханалар салынып жатыр. Өйткені әр жаңа мектеп – жай ғана ғимарат емес. Әр мектеп ол нағыз болашақтың фабрикасы», деді А. Аймағамбетов.

Сонымен қатар Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» жобасы да тілге тиек етілді. Әр баланың өз өмірін дербес құруына арналған бастапқы капиталдың маңыздылығы айтылды. Бұған қоса білім бәйгелерінен жеңіспен оралған балалар да олимпиада чемпиондары секілді лайықты қолдау-қошеметке ие болып келе жатқаны баяндалды.

А. Аймағамбетова бұдан кейін денсаулық сақтау мәселесіндегі нәтижеге тоқталды.

«Бүгінгі күні рак ауруына шалдыққан он мыңдаған науқас қымбат таргеттік дәрілердің кеңейтілген тізіміне қол жеткізді. Тізім екі есе, қамту үш есе артты. Басқаша айтқанда, олар отбасыларымен және жақындарымен бірге болу уақытын ұзартып, бағалы мүмкіндік алды», деді депутат.

А. Аймағамбетов сөзінің соңында атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстардың әлі де бар екенін айтты.

«Бұлар МӘМСпен қамтылмыған азаматтар, сапалы медициналық көмекке қолжетімділік, реттелмеген тарифтер проблемалары. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы арнайы тоқталып, тиісті тапсырмаларды берді.

Тағы бір үлкен сұрақ – жүздеген мың азаматтық қызметкерлердің жалақысының төмендігі мен 500 мың мүгедектігі бар жандардың, бүгінгі нарық пен бағаларға сай келмейтін жәрдемақы мәселесін де болашақта шешуіміз қажет», деп қорытындылады сөзін депутат.