Қазына-бюджет астауынан қағылған ескі жүйенің астыртын айқасы әлі жүріп жатыр - депутат Бапи

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Мәжілістің жалпы отырысында ескі билікпен күрес әлі жүріп жатқанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

Оның сөзінше, Қазақстанның жаңа тарихында, "реформалар кезеңі" деген таңбамен қалатын дәуірдің барысында түрлі себептерге байланысты кідіріс бар.

"Елдегі 30 жылдық сірескен авторитарлық сүрі мұраның "мұрнын бұзып", қыр арқасын қирату жаңа билікке де оңайға түсіп жатпағанын іргеден сезініп жүрміз. Ескілердің ерегескен қарсылығы Қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз. Қазыналық-бюджеттік астаудан қағылған, халықтық мұраға мұртын батыру дағдысына қайтып оралуды аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасап отыр. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің Жаңа Қазақстанға қарай атқан тасы "ескілердің" есесін күйттейтіне куә болып жүрміз. Жеке дара билікке табыну дерті өн байына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына осы ортаға келген менің көзім әбден жетті. Бұл дерттің дәрмені аппараттық вертикалды дендеп алғанын депутаттық сауалдары мен қоғамдық мүдде тұрғысындағы азаматтық талаптарына тиісті жауап ала алмай жүрген әріптестерімнің де көзі жетті деп білемін. ", — деді ол.

Ермұрат Бапи реформа жедел жүруіне мемлекеттік органдардың аппараттары ғана емес, ескі режимнің қыспағында қалып, демократиялық даму формациясы кенделеп қалған қоғамның өзі де дайын болмағанын айтты.

"Билік пен қоғам ортақ тіл табыспайынша, Жаңа Қазақстан идеясын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес. Елдегі өзгерістерді қоғамның тікелей қатысынсыз билік жеке дара жасай алмайды. Өзгерістер ұлттық, елдік, мемлекеттік идеяға айналуы үшін жарқын өмірге бастайтын ортақ мүдде жолында қос тараптың мәмілелі түйісу нүктелерінің болғаны ауадай қажет! Елдегі өзгерістердің үш жылдығы дегенде, Президент Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды қалыптастыру мақсатында жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте айту керек. Бұл мемлекет басшысының өз сайлаушыларына, яғни Қазақстан халқыны берген президенттік уәдесі ғана емес, ең бастысы перзенттік парызы деп түсіну керек", — деді депутат.

Депутат заңсыз активтер мәселесін де көтерді. Бапидің айтуынша, ескі жүйеде есесі кеткен халықтың қазынасын толтырудың қамымен соңғы екі жылдың ішінде 2 триллон теңгеге жуық актив қайтты деген ақпарат бар.

"Сол екі триллионның тең жартысын екі олигарх қана қайтарған екен. Ал президенттің тілімен айтқанда, ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархаттан қайтарылуы

тиіс активтер қайда? "Жылыстаған активтерді қайтару туралы" заңды қабылдаған Парламент депутаттары бүгінде сол заңның орындалу барысынан бейхабарлығы да түсініксіз жағдай. Турасын айтқанда, біз активтерді қайтару процессіне қатысты мәліметтерді ақпарат агенттіктерінен немесе шетелдік пабликтерден емес, "бірінші ауыздан" естігіміз келеді", — деді депутат.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз