Елде 500 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанның білім беру жүйесінде тарихи өзгерістер болғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осыдан алты жыл бұрын, егер мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі, бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі, Ұлттық қордың қаражаты барлық балалардың шотына аударылып, қарапайым жұмысшы мамандары, Ақордада, мемлекеттік наградаларды алады десе, бұған сену тұрмақ, көпшілік бізді орындалмайтын арманды айтты деп сөгер ме еді. Бірақ, заман өзгерді. Қазір енді, бұл бастамаларға таңғалмақ түгілі, қалыпты жағдай, норма ретінде қарайтын болдық. Әрқашан, бәрі осылай болғандай қабылданып, тіпті уақытылы орындалмаса, проблема ретінде көтеретін болдық. Бірақ біз бұл бастамалардың қалай басталғанын, қандай қарсылықтар мен кедергілер болғанын жақсы білеміз. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарға апаратын нақты жолды салып, ауқымды реформаларды жүргізіп, іске асырды", — деді депутат.
Асхат Аймағамбетов осы уақыт аралығында білім беру жүйесінде тарихи өзгерістер болғанын жеткізді.
Сөзінше, мұғалімдер – еліміздегі ең ірі кәсіби қауым.
"500 мыңнан астам педагог – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын жандар. Білім – жарық. Егер мұғалімнің шамы сөніп қалса, барлық қоғам қараңғыда қалады. Сондықтан да, Мемлекет басшысы реформаларын дәл осы ұстаздардан бастады. Мұғалімдердің орташа жалақысы небәрі 109 мың теңге болса, бүгінде ол екі еседен астам өсті", — деді мәжілісмен.